Құқық қорғау органдары

Қылмыстың бірқатар түрі үшін жаза қатаңдатылды

Зорлау, браконьерлік жасау, есірткі сату және мал ұрлығы мен мас күйде көлік жүргізу. Қаңтардың 11-інен бастап осы сынды қылмыстың бірқатар түріне  жаза қатаңдатылды.

2019 жылдың желтоқсан айында ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бірнеше заңға қол қойған болатын. Жаңа енгізулер қаңтар айының 11-інен бастап толық күшіне енді. Мәселен, жабайы жануарларды заңсыз аулау және қорықшылар мен инспекторлардың өміріне қол сұққан адам қатаң түрде жазаланатын болады.

Қымбат Мырзағұлова – СҚО ПД тергеу басқармасының аға тергеушісі:

– Заңсыз аңшылық құрғаны үшін 3 мың АЕК дейін айыппұл көзделіп, мүлкі тәркіленіп, 3 жылға дейін лауазымды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айыру жазасы тағайындалады.

Қылмыстық кодекске «Мал ұрлығы» бабы да енгізілді. Егер адамдар топ болып барымташылық жасайтын болса, 7 жылға дейін темір торға қамалады. Сондай-ақ, бірнеше рет немесе қораға кіріп жымқыратындар 10 жылға дейін түрмеге түседі.

Ал есірткі саудалауды айтатын болсақ. Қазіргі күні интернет сайттары жарнамаланған граффити-жазбалар көп кездеседі. Барлығын бірдей өшіріп үлгермейсің. Алыпсатарлар онлайн сауда арқылы қаншама жастың ағзасын улады. Есірткіні жарнамалағандар бұдан былай ұзақ мерзімге түрмеге тоғытылатын болады.

Қымбат Мырзағұлова – СҚО ПД тергеу басқармасының аға тергеушісі:

– Есірткіні пайдалану ауыр қылмыстар санатына жатқызылды. Бұл үшін 3 жылдан 8 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қаралды.

Бұдан былай зорлау орташа ауырдан ауыр қылмыс санатына ауысты. Мұндай азғындыққа жол берген жандар 20 жылға немесе өмірбақи темір торға жабылады.

Қымбат Мырзағұлова – СҚО ПД тергеу басқармасының аға тергеушісі:

– 14 жасқа дейінгі балаларды зорлағандарға 20 жылға дейін немесе өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы беріледі. Балалардың мамандандырылған мекемелерінде тәрбиеленушілерге қатысты жыныстық зорлық жасалғанын жасырған қызметкерлер мен басшыларға қатысты да заң қатаңдайды. Зорланған балалардың ата-анасы мен қамқоршылары жауапкершілікке тартылады.

Осы аталған барлық өзгерістер мен толықтырулар қаңтар айының 11-інен бастап толық күшіне енді.

 

 

Бердимурат Баймухан