Қоғам

Православ сеніміндегілер Крещение мерекесін атап өтеді

Қаңтардың 19-ы православ сеніміндегі христиандар Крещение мейрамын атап өтеді. Осыған орай қазір мамандар қалалық жағажай мен өзен портында суға түсу рәсіміне арналған ойықтарды ойып, жылы күркелер орнатып жатыр.

Дәл қазір мамандар Есіл өзенінде жағажай тұсынан 3 ойық әзірлеп жатыр. Оның 1-еуі қасиетті суды алуға, ал қалған 2-еуі шомылуға арналады. Қаңтардың 19-ы күні аластатылған суға түсуге кем дегенде 20 мыңнан астам православ сеніміндегілер келеді екен.

Маржан Қасымбек – тілші:

– Биыл аязды күндер аз болғандықтан мұздың қалыңдығы небәрі 20-25 см-ді құрайды. Сондықтан, өзеннің үстіне 10-нан астам адамның тұруына қатаң тыйым салынады.

Медицина қызметкерлері, ТЖД мамандары және полицейлер. Крещение мейрамы күні 20-дан астам жедел жәрдем дәрігері, 150-ге жуық тәртіп сақшысы мен 50 құтқарушы кезекшілік атқарады. Сондай-ақ, ерлер мен әйелдердің киім ауыстыруына арналған 2 күрке орнатылмақ. Одан бөлек, Әскери институттың курсанттары судан шыққандардың жылынып, шәй ішуіне үлкен шатыр құрады.

Ерік Сарыбаев – СҚО ТЖД бастығының орынбасары:

– Тұрғындар суға түспес бұрын денелерін қыздырып алғандары жөн. Одан кейін суға түсер аяқ киім, мұзда қатып қалмауы үшін тәпішкенің дұрысын таңдаңыздар.

Суға түсуге баратын тұрғындарға ыңғайлы болу үшін Петропавлдағы автобустардың бағыты да өзгертілмек. Қалалық жағажайға 2-ші, 6-шы мен 21-ші қоғамдық көліктері жүреді. Өзен портына барушыларды да тасымалдайтын автобустар қарастырылады.

Дастан Қазиев – қалалық ТҮКШ, жолаушылар көлiгi және автомобиль жолдары бөлiмiнің сектор меңгерушісі:

– 24М және 25М бағытындағы автобустар жолаушыларды өзен портына таситын болады. Қоғамдық көліктер таңғы 8-ден кешкі 8-ге дейін жүріп тұрады.

Айта кеткен жөн, облыс аумағында бұл күні қасиетті суға шомылу діни шарасы 40-тан астам орында ұйымдастырылмақ.

Маржан Касымбек