Білім

ҰБТ-ның алғашқы кезеңі бастау алды

Бүгін Ұлттық бірыңғай тестілеудің алғашқы кезеңі бастау алды. Жалпы, ел бойынша өз білім деңгейлерін 95 мыңнан аса оқушы дәлелдейді. Оның 1400-ден астамы – жерлестеріміз. Қаңтардың 20-сына дейін жалғасатын тестілеудің бірінші күнінде  өңірде 480 жас білімдерін сынауда.

Нұршекер Бейсенбай – Келлеровка орта мектебінің оқушысы. Бүгін ол сыныптастарымен бірге Ұлттық бірыңғай тестілеу тапсырмақшы. Бейінді пән ретінде физика мен математиканы таңдаған ол Көкшетау техникалық институтына түспекші.

Нұршекер Бейсенбай – Келлеровка орта мектебінің оқушысы, Тайынша ауданы:

-ҰБТ-ға көп дайындалдым. Таңдаған пәнім – физика-математика. Алдағы уақытта Көкшетау техникалық институтына түспек ойым бар. Сол себепті, физика-математика пәнін таңдадым.

Қаламызда үміткерлер тестілеуден М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-да өтуде. Облыс бойынша биыл мектеп бітірушілер саны 3300-ге жуық. Оның 2074-і сынақ тапсыруға ниетті.

Ирина Голодова – М.Қозыбаев атындағы СҚМУ қабылдау комиссиясының жауапты хатшысы:

– Қаңтар, наурыз және тамыз айларында өтетін ҰБТ-ның сертификаттары талапкерлерге жоғарғы оқу орындарының ақылы бөлімдеріне түсуге мүмкіндік береді. Ал егер үміткер мемлекеттік грантты иеленгісі келсе, онда міндетті түрде ҰБТ-ның маусымда өтетін кезеңіне қатысуы керек.

Жалпы, сынақ тапсыруда айтарлықтар өзгеріс жоқ. Тек талаптар күшейтілген. Кіре сала оқушылар металл іздейтін құрылғының тексерісінен өтеді. Оған қоса барлық аудиторияларда камералар мен ұялы телефон байланысын бұғаттайтын құралдар орнатылған. Сынақ тапсырушылар бұл күнге біраз дайындалғандарын айтып, қобалжуларын жасырмады.

Аружан Хамитова – Бексейіт орта мектебінің оқушысы, Мамлют ауданы:

– Осы 2020 жылдың түлегімін. Таңдаған пәнім – физика-математика. Дәл осы пән бойынша күні-түні дайындалдым. Қобалжу бар, бірақ қолымнан келеді деген сенімдемін. Ұстаздарыма алғыс білдіремін.

Уақыттың ұзақтығына қарамастан балаларын қолдауға келген ата-аналардың қарасы қалың. «Баласы атқа мінсе, Анасы үйде тақымын қысар» демекші, айтуларынша балаларынан бұрын өзіміз сынақ тапсырғандай күйде отырмыз, – дейді Раушан Кенжебаева.

Раушан Кенжебаева:

– Ұлым биыл 11-сыныпты бітіріп жатыр. Таңдаған пәні – физика-математика. Мен балама сенемін. Үмітімді ақтайды деген ойдамын. Негізі, балам керісінше алаңдамайды. Маған “уайымдама, бұл жәй ғана сынақ” деп айтқан.

Талапкерлер ережеге сай 3 сағат 50 минуттың ішінде 140 сұраққа жауап беріп үлгерулері керек. Пәндердің 3-еуі негізгі болса, қалған 2-еуін талапкер өзі таңдайды. Шектік балл техникалық бағыттарға – 50, педагогикалық мамандықтарға – 60, ал медицина саласына түсемін деушілер үшін 65 ұпайдан кем болмауы қажет.