МТРА жаңалықтары

Жұмыртқа неге қымбат? Тауар арзандай ма?

Жыл басынан елімізде азық-түлік қымбаттады. Бағаның шарықтауын солтүстікқазақстандықтар да сезіп отыр. Картоп пен 1-ші сұрыпты ұнның құны төмендесе, жұмыртқаның жағдайы – керісінше. Өнімнің 10 данасы 400 теңгеден асады.

Эльмира Сәдуақасова – тілші:

– Жалақы өсті, зейнетақы да біршама артты. Азық-түліктің бағасы мұндайда қарап тұра ма? Бір келі сиыр еті, күріш, қарақұмық пен аздаған көкөніс. Бір пакетке ғана сыйып кететін бұл дүниеге қалтаңнан кемінде 5 мың теңгедей ақша шығарасың.

Супермаркетке көңілді кіресің, бірақ әрбір сөрені артта қалдырған сайын көңіл-күйің де аса жайнай қоймайды. Бағасы сәл де болса төмендеген 1-ші сұрыпты ұн мен картоптың бағасы да аса қуанта қоймайтын сияқты.

– Бұрын сүт, нан, макарон алсаң 500 теңге кететін. Қазір 1500-1000 теңге қалдырамыз.

– Бағалар бұрынғыша шарықтай береді, шарықтай береді. Азық-түлік құнының төмендеуі анда-санда бір болады. Қайткенде де жоғарылауы жиірек қой.

Тамақтың бағасының жоғарылауы жиірек. Мұны біз жоққа шығара алмаймыз. Сыртынан қарапайым бұл жұмыртқалардың ішіне алтын қосылған ба дейсің, бағасын көргенде. Ондығының құны 400-ден асады. Арзандауын табуға болады, әрине. Мәселен, 240-тікі бар. Көлемі кішкентай, бірақ құны өзгелеріне қарағанда қалтаны аса қақпайды. Бірақ, оны алу үшін дүкенге таңертеңнен бару керек. Тауар өзге құрлық, өзге өңірден емес, біздің облыстағы құс фабрикаларынан жеткізіледі. Мұхит аспаса, өнім неліктен соншалықты қымбат? Жауап – мынадай.

Мұрат Нұрқанов – СҚО кәсіпкерлік және туризм басқармасының бөлім басшысы:

– Құс фабрикаларының айтуынша, қымбаттаудың себебі бидайдың қымбаттауына байланысты. 4 құс фабрикасымен меморандумға отырдық. Кәсіпорындар белгілі бір көлемдегі жұмыртқаны арзан бағамен жеткізетін болады.

Бір қуантарлығы – сауда павильондарындағы «қалалық» деп аталатын ас атасының құны бір тиынға да жоғарыламайды. Жұмыртқа мен нанды арзанға алу мақсатында супермаркеттерге ертерек бару керектігін, әсіресе зейнеткерлер жақсы білетін көрінеді.

– Жаңа жылға дейін шошқа етінің бір келісін 1200 теңгеге алдым. Жуырда барсам, бақандай 400 теңгеге қымбаттапты. Тамақ болғасын не істейсің. Қымбат болса да аласың ғой.

– Жалғыз зейнетақыға тұрамыз. Қаражаттың бір бөлігін коммуналдық қызметтерге жұмсасам, қалғаны тамаққа кетеді. Сөйтіп, артық ақша да қалмайды.

Сүт, нан, күріш, жұмыртқа, ірімшік, ет, жеміс пен көкөніс. Күнделікті тамақтануға қажетті басты дүниелердің өзіне айына кемінде 22 200 теңге қажет екен. ПикодИ сайты жүргізген сараптамаға сүйенсек, бұл өткен жылғы сомадан 6 пайызға көп. Әрі ең төменгі жалақының 59 процентін құрайды. Қарапайым тілмен айтатын болсақ, айлықтың өсуі мен азық-түлік бағасының шарықтауын салыстыруға тіпті келмейді. Соңғысы – алда.

Эльмира Садвокасова