МТРА жаңалықтары

Шетелдік келіп-кетушілерге қатысты ережеге өзгеріс енгізілді

Жарты жылда 90 күн. Енді өзге мемлекеттің азаматтары Қазақстанның аумағында 90 тәулік қана бола алады. Жуырда шетелдіктерді тіркеу тәртібіне өзгерістер енгізілді.

Шетел азаматтары Қазақстанға келген уақыттан бастап 3 күннің ішінде көші-қон қызметіне хабар берулері тиіс. Себебі, шекарадан өткен сәттен бастап олардың төлқұжаттарына белгілі бір таңба қойылады, яғни келіп-кеткен мерзімі жазылатын болады. Осы арқылы тәртіп сақшылары шетелдіктердің біздің елімізде қанша уақыт жүргендерін анықтай алады. Сондай-ақ, Қазақстанға келуші өзге мемлекет тұрғындарына қатысты толтырылатын карталар жүйесінде де өзгеріс бар.

Сәбит Жүсіпов: СҚО ПД көші-қон қызметінің инспекторы:

– Шетелдіктер шекарамыздан өткен кезде көші-қон карталарын бұрынғыдай толтырмайды. Яғни, карточкалар толығымен алынып тасталмақ.

Шетелдіктерді тіркеу тәртібіне енгізілген өзгеріске сай 57 мемлекеттің азаматтарына елімізде болуына – 30 күн, ал ресейліктерге 90 күнге рұқсат беріледі. Бұл талап орындалмаса ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 518-бабы бойынша айыпты тұлға жауапкершілікке тартылады. Бірінші кезекте оған ескерту жасалады, келесі жағдайда 10 және 20 АЕК көлемінде айыппұл салынады. Шетелдіктер берілген мерзім таусылып, Қазақстан аумағынан шыққаннан кейін кез келген уақытта қайта орала алады. Бірақ, ескере кететін тұстардың бірі, өзге мемлекет азаматтары елімізде жарты жылда 90 күн ғана болулары тиіс.

Жаңалықты ести сала көші-қон қызметінен рұқсат алуға келдік. Ереженің не себепті осылай күрделеніп кеткенін түсінбедім.

– Өзім Ресейде жұмыс істеймін. Қазақстанға әкеме көмектесу үшін ғана келіп тұрам. Сол себепті, үнемі шекара асып жүретін маған бұл тиімсіздеу екен.

Жалпы, былтыр СҚО-ға 23 мың шетел азаматы келіп-кеткен. Оның 19 мыңға жуығы – ресейліктер.

Ақтолқын Солтанханқызы