Ауыл шаруашылығы

Мемлекет көмегіне жүгінген азаматтарға 5,3 млрд теңге несие берілді

Өткен жылы Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорының облыстық филиалы 1 мыңнан аса жобаны қаржыландырып, 5 млрд 300 млн теңге несие берген. Қарыз ақшаға тұрғындар кәсіп ашқан, істерін өркендеткен екен. Мемлекет көмегіне жүгінгендердің қатарында Қызылжар ауданының тұрғыны Кеңес Көкиев те бар. Азамат үкіметтен бөлінген қаражатқа жылқы сатып алып, сауылатын бие санын арттырған.

Қамар Тасболатова қос шелегін қолына ұстап, қораға қарай беттеп келеді. Ол бие саумақ. Бұл – нәзікжандының үйреншікті ісі. Себебі, азаматша жыл оны екі ай жылқы байлап, қымыз дайындайды.

Жерлесіміз үйге келіп, хош иісі бұрқыраған бие сүтін күбіге құйып жатыр. Бұл ыдыста дертке дауа, емге шипа ұлттық сусынымыз әзірленеді. Яғни, қайта-қайта пісілген, балдай тәтті қымыз дайындалады.

Қамар Тасболатова – Қызылжар ауданының тұрғыны:

– Сауған сайын, құйған сайын пісіп отырамыз. Қымыз пісілген сайын тәтті болады.

Қымызға сұраныс жоғары. Таби таза өнімді солтүстікқазақстандықтар мен көршіліс өңірдің тұрғындары бірден сатып алады екен. Бұл бизнес 2011 жылы басталыпты. Үйдің отағасы Кеңес Көкиев мемлекеттік бағдарлама арқылы несие рәсімдеген. Ақшаға мал басын арттырыпты. Азамат 2014-те және былтыр үкімет қолдауына қайта жүгінеді. Өткен жылы Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорынан “Игілік” бағдарламасы бойынша 6 жарым жылға несие алып, Қамбар ата төлдерінің санын әжептеуір көбейтіпті.

Кеңес Көкиев – “Көкиев” ЖК директоры, Қызылжар ауданының тұрғыны:

– Өткен жылдың 20-сы кезінде 3 млн теңге кредит алдым. Бұл ақшаға өз қаржымды қосып, 15 бас жылқы сатып алдым. Оларды мына табынға қостым. Олар сәуір айында құлындайды. Осылайша биелерді сауынға үйретіп, қымыз аламыз.

Жастайынан ат жалын тартып мінген азамат қазір 6 бие сауады. Дайындалатын қымыз сатып алушыларға жеткілікті екен. Өнімнің бағасы қолжетімді.

Кеңес Көкиев – “Көкиев” ЖК директоры, Қызылжар ауданының тұрғыны:

– Жазда күніне 100-120 литрге дейін сауамыз. Қыста 40-45 литр сауамыз. Кісілердің сұранысына жетіп тұрады. 02:04 Қымыздың 1 литрі 500-600 теңге тұрады. Алыстан келгендерге 500-ден береміз.

Жазда сауылатын биенің саны 25-ке жетпек. Осының арқасында өнім көлемі ұлғаймақ. Бүгінде жылқыларды Оксана есімді бойжеткен бағып жүр. Ол 10 жыл бойы ат спортымен айналысыпты. Сондықтан, оған малға қарау қиын емес екен. Кеңес ағамыз қол астындағы еңбеккеріне жалақы төлейді. Күндік табыс 5 мың теңгені құрайды. Жалпы, былтыр Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры 1000-нан аса жобаны қаржыландырған.

Данияр Кәлімов – “Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры” АҚ СҚОФ несие менеджері:

– Өткен жылы қор солтүстікқазақстандық іскер жандарға 5,3 млрд теңге несие берді. Яғни, тұрғындар түрлі мемлекеттік бағдарламаларды пайдаланып, кредит алды. Қаражат 6 пайыздық үстемеақымен рәсімделеді. Қарыз ақшаны қайтару уақыты әр түрлі.

Былтыр жерлестеріміздің басым бөлігі “Игілік” бағдарламасы бойынша несие алыпты. Берілген қарыз 1,2 млрд теңгені құрайды.

Байболат  Култанов