Аптадағы маңызды жаңалықтар

Өңірімізде әкімдердің есептік кездесулері басталды

70 млн теңге! Осындай сомаға биыл Новомихайлов орта мектебі жөндеу көреді. Тағы, селода балалар ойын алаңқайы мен жаңа медициналық пункт пайда болады. Бұл жайлы Новомихайлов ауылдық округі әкімінің есептік кездесуінде айтылды. Жиында өткен жылы атқарылған жұмыс қорытындыланып, алдағы жоспар сөз болды.

Новомихайлов ауылдық округінің құрамына 5 елді мекен кіреді. Әкімі Совет Қорғанбаев есебін ең алдымен осындағы өзгерістерді баяндаудан бастады. Мәселен, Меңгесер ауылына былтыр оңтүстік өңірлерден 2 отбасы қоныс аударыпты. Олар ““Еңбек” нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту” бағдарламасы аясында шамамен 1 млн теңгеге жуық субсидия алған. Көшіп келушілерге үй беріліп, жұмыспен де қамтылыпты. Онда бөлек, ауыл ішін көркейту шаралары да қарқынды жүргізіліп жатыр екен. Өткен жылы біраз көшелер жөнделіпті.

Совет Қорғанбаев – Новомихайлов ауылдық округінің әкімі, Мамлют ауданы:

– Меңгесер ауылындағы көшелердегі шұңқырларды жасауға 15 млн теңге бөлінді. Тағы 15 млн теңгеге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді.

Новомихайлов орта мектебінің бой көтергеніне 60 жылдан астам уақыт өткен. 130-ға жуық бала тәлім алатын білім ошағы күрделі жөндеуді талап етеді. Осыған орай өткен жылдың соңында «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында мектепке 70 млн теңге қаржы бөлініпті. Биыл қалыпқа келтіру жұмыстары жүргізіледі деп жоспарланып отыр. Оған қоса, былтырғы жылы ауылда дәріхана да ашылыпты.

Совет Қорғанбаев – Новомихайлов ауылдық округінің әкімі, Мамлют ауданы:

– Дәріхана мәселесі кездесулерде жиі көтерілетін. Бұл проблеманы шеше алмай жүргенбіз.

Енді елді мекендегі медициналық жәрдемнің жайына келсек. Новомихайлов ауылдық округі халқының саны 2300-ге жуықтайды. Бірақ, тұрғындарға көмек көрсететін фельдшерлік-акушерлік пункт бар-жоғы біреу ғана. Ол да округ орталығында орналасқан. Жиынға келген ағайын осы мәселенің шешілуін өтінді.

Совет Қырғынбаев – Новомихайлов ауылдық округінің әкімі, Мамлют ауданы:

– Тұрғындар тарапынан ФАП бойынша сұрақтар жиі туындайтын. Сенаторлар мен мәжілісмендерге арнайы адам жіберіп, мәселені шешуді сұрады. Олар бізге 20 млн теңге бөлеміз деп айтты.

Әкімнің есеп беруіне жиналған тұрғындар бірқатар сұрақтарын қойды. Мәселен, нәзікжандылардың көбі ауылдарда сән салондарын ашуды ұсынды. Ол үшін ауыл әкімі аруларды бизнес-курстардан тегін өтуге мүмкіндік жасалатынын айтты. Одан бөлек, жұмыссыз жүргендердің екі қолына бір күрек табуына қол ұшын созамын деп уәдесін де берді. Жалпы, әкімнің есеп беруінде бас-аяғы 10-нан астам өтініш қаралды.

Сабыр Усманов – Меңгесер ауылының тұрғыны, Мамлют ауданы:

– Кеше ғана көшелерге қалың қар түсіп еді, бүгін көріп тұрғандарыңыздай ақ ұлпа тазаланды. Одан бөлек, соңғы кезде ауылда қаңғып жүрген иттер саны көбейіп кетті. Бірден мамандар шақырылып, аулап алып кетті. Селода шешімін таппай жүрген өзекті мәселелер жоқ дер едім. Барлық сұрақтар бірден жауабын табады.

Совет Қорғанбаев алдағы уақытта Бексейіт ауылын дамыту шараларын жүргізуді көздеп отыр. Биыл селодағы көшелерге асфальт құйылып, балалар ойын алаңдарын ашу жоспарланып қойылған. Сондай-ақ, жуырда округте екінші медициналық пунктің құрылыс жұмыстары бастау алатын көрінеді.

Маржан Қасымбек