Спорт

«Qyzyljar» футбол командасы премьер-лигаға қызу дайындық үстінде

«Qyzyljar» футбол командасы алдағы премьер-лигаға қызу дайындық үстінде. Қазіргі күні құрама Түркия елінде оқу-жаттығу жиындарын өткізіп жатыр. Сондай-ақ, биыл клубқа 900 млн теңгеден астам қаржы бөлініпті. Бұл сома футболшылардың жалақысы мен шетелдік спортшыларды тартуға жұмсалады.

Былтыр жергілікті футболшылар 1-ші лиганы жеңіп, бөріктерін аспанға атқан болатын. Олар 26 ойын өткізіп, 17-сін ұтты. Нәтижесінде жерлестеріміз 58 ұпай жинап, премьер-лигаға жолдама алды. Енді алда жаңа белес тұр. «Qyzyljar» еліміздің үздік командаларының арасынан топ жарып, чемпион атануы тиіс. Ол үшін клубқа шет елден спортшылар тартылып, құрама ойыншылары жаңартылуы қажет. Сондай-ақ, жергілікті футболшылардың ішінен ең мықты дегендерді іріктеп алу керек дейді «Qyzyljar» ФК президенті Григорий Лория.

Григорий Лория – «Qyzyljar» ФК президенті:

– Бүкіл құрама қаңтар айының 10-ынан оқу-жаттығу жиындарын бастап кетті. Қазір футболшылар Венгрияның 2-ші лигасындағы командамен жолдастық матч өткізуде. Бұл – олардың алғашқы бақылау ойыны. Осылай біз командаға қажет қабілетті спортшыларды анықтап, іріктейміз. 1-ші оқу-жатығу жиыны 21 күнге созылады. Кейін 4 күн тынығып алып, ары қарай тағы 14 күн бойы шынығады.

Қазір ойыншылар – Түркия елінде. Солтүстікқазақстандық спортшыларға барлық жағдай жасалып жатыр. Мамандардың айтуынша бұл – футболшылар үшін үлкен тәжірибе. Себебі, ол жақта көптеген мемлекеттен келген мықты аяқдоп шеберлері бас қосып, спаринг өткізеді. Ондағы ең басты мақсат – білікті спортшыларды іріктеп алу.

Биыл «Qyzyljar» футбол клубына облыстық бюджеттен 900 млн теңгеден астам қаржы бөлініп отыр. Бұл сома негізгі құрама мен әйелдер командасына және қарамағындағы жастар орталығында жаттығу жасап жүрген футболшыларға жұмсалатын болады.

Григорий Лория – «Qyzyljar» ФК президенті:

– Бөлінген қаражат клубтағы бүкіл ойыншылар мен жаттықтырушылардың жүріп-тұруларына және жалақысына жұмсалады. Сондай-ақ, осы қаржы есебінен 20 млн теңгеге “Қарасай” стадионындағы көгалды жаңартамыз. Өйткені, техникалық комиссия тексерген кезде алаң ескірген болып шықты. Оның үстінде ойнауға болмайды. Футболшылар жарақат алып қалулары мүмкін.

Тағы айта кетейік, «Qyzyljar» құрамасын 2 жыл бойы жаттықтырған бапкер Али Алиев биыл қызметінен кеткен болатын. Енді, бапкерлік тізгінін 44 жастағы молдавиялық маман Вячеслав Руснак өз қолына алды. Осыған дейін ол өз отанында жаттықтырушы болып қызмет еткен. Өзі де бірнеше мәрте Молдавияның чемпионы атанып, Еуропа лигасының топтық кезеңіне қатысқан. Ал премьер-лига жайлы айтатын болсақ, 15-ші қаңтар күні барлық командалар арасында жеребе тасталынады. Сол кезде жергілікті ұжымның кіммен кездесетіні белгілі болмақ.

Бердімұрат Баймұқан