Қоғам

Петропавлда су құбыры жарылды

Кеше Петропавлдағы Уәлиханов көшесінің бойында суық су құбыры жарылды. Салдарынан сол маңдағы 3 көпқабатты тұрғын үй тіршілік көзінсіз қалған.

Бұл кадрлар кеше кешкісін әлеуметтік желілерді шулатты. Уәлиханов көшесі, 21 мекенжайының аумағы қас қағым уақыт ішінде көлшікке айналды да қалды. Ал көлік жүргізушілері мен жаяу жүргіншілер болса бұл маңды айналып өтуге тырысты. Тұрғындардың айтуынша бұл таңғаларлық жағдай емес. Себебі, су құбыры бұған дейін бірнеше рет жарылған екен.

Наталья Подольская – қала тұрғыны:

– Осы жақта 13 жыл тұрамын. Алғашында бәрі жақсы болатын. Соңғы жылдары су құбырлары жиі жарылатын болды. Соның салдарынан біраз уақыт бойы сусыз отырамыз.

Бұл жолы құбыр өздігінен жарылған жоқ. Осы маңда “Қызылжар су ” серіктестігінің қызметкерлері жоспарлы жұмыстар жүргізу барысында абайсызда су құбырын тесіп алған. Құдық суға толып, сыртқа шыға бастайды. Салдарынан қаланың орталығындағы көпқабатты 3 үй тіршілік көзінсіз қалды.

Болат Салахутдинов – “Қызылжар су” ЖШС орталық диспетчерлік қызметінің бастығы:

– Біздерге апат туралы хабар сағат 19:40-та келіп түсті. Оқиға орнына бірден жетіп, айналаға жайылған суды арнайы қондырғылардың көмегімен сорып алдық. Қазір апат орнында қалыпқа келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Айта кетейік, апат орнында түні бойы 2 бригада мен 6 бірлік техника жұмыс істеді. Нәтижесінде ақау бікетіліп, таңғы 7:30-да баспаналарға қайта су беріле бастаған.

Дана  Ешкенова