МТРА жаңалықтарыҚоғам

Парламент мүшелері жергілікті депутаттармен кездесті

Шетелден көлік айдап әкелген жандар салық төлеуі тиіс. Осындай мәселені жергілікті депутаттар Парламент мүшелеріне жеткізді. Сондай-ақ, халық қалаулылары денсаулық сақтау заңнамасына өзгертулер енгізумен қатар, ақ халаттылардың мәртебесі жайлы да сөз қозғады.

Жиында көптің көкейінде жүрген сұрақтар қаралды. Облыстық аурухананың бас дәрігері әрі облыстық мәслихат депутаты Юрий Белоног ақ халатты абзал жандарға арналып бірыңғай әлеуметтік кепілдендіру пакеті жасалса дейді.

Юрий Белоног – облыстық мәслихат депутаты:

– Елімізде медициналық кадрлардың жетіспейтіні бәрімізге мәлім. Сол себепті, дәрігерлер үшін бірыңғай пакет жасау керек деп ойлаймын. Яғни, үкімет бәрін бірдей баспанамен қамтып және белгіленген сомада көтермеақы беруі тиіс. Өйткені, медицина қызметкерлеріне жасалған жағдай әр өңірде әр түрлі.

Депутаттар бұл мәселені қарастырып, түйінін шешуге тырысатындықтарын жеткізді.
Жиында шетелдік көліктерді тіркеу жайы да қаузалды. Қазіргі күні мұндай темір тұлпарлардың иелері машиналарын тіркемек түгілі көлік салығын да төлемейді. Облыстық мәслихат депутаты Владимир Притчин тиісті заңға өзгерту енгізу қажет дейді.

Владимир Притчин, облыстық мәслихат депутаты:

– Өзекті мәселе бақылаусыз қалып жатыр. Шетелден машина алып келген жандар көлік салығын төлемейді. Біз олардың ортақ тәртіпке бағынып, тиісті соманы мемлекет қазынасына аударуды сұраймыз.

Жиында жергілікті халық қалаулылары бұдан да бөлек мәселелерді көтерді. Парламент депутаттары проблемаларды қарастыратындықтарын жеткізді.

Бердимурат Баймухан