Спорт

Шаһарда спорттық акробатикадан халықаралық жарыс өтуде

Демалыс күндері Петропавлда юниорлар арасында спорттық акробатикадан халықаралық жарыс өтті. Байрақты бәсекеге Ресей, Өзбекстан және еліміздің ең мықты деген 250-ден астам споршысы жиылды. Дүбірлі дода қазақ КСР-нің еңбек сіңірген жаттықтырушысы Анатолий Ямпольскийді еске алуға арналған.

Акробатикалық жолақ, батуттан секіру, жұптасып өнер көрсету. Мұнда жиылған спортшылардың барлығы аталған элементтерді мінсіз орындап шығулары қажет. Сол себепті, ұл-қыздар халықаралық жарысқа өзінің ерекше дейтін трюктерін дайындап әкелген. Мәселен, Өзбекстаннан келген мына балғындар көрерменнің көзайымына айналды деуге болады. Себебі, олар акробатикалық жаттығуларды ырғақты әнмен үйлестіріп тамаша орындап шықты.

Серафим Вяткин – жарысқа қатысушы, Ташкент қаласы, Өзбекстан Республикасы:

– Қойған нөміріміз өзімнің де көңілімнен шықты. Бірақ, шамалы қателік жіберіп алдық. Оның барлығын алдағы уақытта ескеретін боламыз. Әрине, үйренетініміз әлі де көп.

Ал ендігі кезек – жерлесімізде. Батутта секіруден өз шеберлігін көрсету үшін Александр Шишков ортаға шықты. 16 жасар спортшы өз-өзіне сенімді. Бұған дейін талай жарыстарда жақсы нәтиже көрсетіп жүрген Александр бүгінгі додада да жүлдеден үмітті екен.

Александр Шишков – жарысқа қатысушы, Петропавл қаласы:

– Акробатикамен 5 жасымнан айналысамын. Биыл бұл спортта жүргеніме 11 жыл болды. Осы аралықта түрлі халықаралық жарыстарда өнер көрсеттім Нәтиже жаман емес. Алға қойған мақсаттарым көп.

Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген жаттықтырушысы Анатолий Ямпольскийді еске алуға арналған акробаттар арасындағы халықаралық жарыс осымен 6-шы рет ұйымдастырылуда. Үш күн бойы 250-ден астам спортшы түрлі акробатикалық трюктерді орындап өзара мықтыны анықтамақ. Дүбірлі додаға 8 бен 18 жас аралығындағы акробаттар қатысып жатыр.

Ринат Белогонов – спорттық акробатикадан облыстық МБЖСМ директоры:

– Халықаралық жарысқа Өзбекстаннның Ташкент және Самарқан шаһарларынан, Ресейдің 7 бірдей қаласынан және еліміздің түкпір-түкпірінен 250-ден астам спортшы жиылды. Жарысқа халықаралық дәрежедегі спорт шеберлері, әлем біріншілігіне қатысушылар да келіп отыр.

Айта кетейік, 3 күнге жалғасатын дүбірлі доданың нәтижесі бүгін белгілі болады. Жеңімпаздар түрлі аталымдар бойынша диплом және медальмен марапатталады.

Дана Ешкенова