Қоғам

ҚР Ұлттық ұланының құрылғанына биыл – 28 жыл

Антына адал, сертіне берік жандар. Бүгін еліміздің Ұлттық ұланының құрылғанына 28 жыл толып отыр. 6637 әскери бөлімінің сарбаздары және тәртіп сақшылары иық тіресіп, күндіз-түні қаламыздың тыныштығын қадағалауда. Өткен жылдың өзінде жауынгерлердің қатысуымен 500-ге жуық қылмыстың беті ашылыпты.

Жауынгерлер патрульдауға шықпас бұрын плацта сап түзеді. Жоғары шенді әскерилер жас сарбаздарға бүгінге белгіленген бағыт-бағдарды баяндап жатыр. Одан кейін Отан алдындағы борышын өтеп жүргендер қаланың орталығына қарай жіберіледі. 80-ге жуық жігіт күнделікті сағат 17:00-ден түнгі 11-ге дейін көше-көшені аралап, тыныштықтың сақталуын қадағалайды.

Нұрым Байбеков – ҚР ҰҰ 6637 әскери бөлімінің жауынгері:

– Мен Алматы облысы, Қарағанды қаласынан келдім. Әскери борышымды өтеп жүргеніме 60ай уақыт болды.

Қоғамдық тыныштықты қадағалау және түзеу мекемелерін күзету. Бұл – 6637 әскери бөлімі сарбаздарының негізгі міндеттері. Жауынгерлерге ең білікті мамандар нұсқау береді. Осындай жандардың бірі – әскери жасақ бастығы Санат Үсербаев. Азаматтың бұл салада жұмыс істеп жүргеніне 7 жылдан асқан. Өткен уақыт аралығында біраз қылмыстың бетін ашуға өз септігін тигізіпті. Санат Үсербаев 2018 жылы 16 желтоқсанда қаладағы дәмханалардың бірінде есірткі саудаламақ болған 2 тұрғынды ұстаған. Сондай-ақ, дәл сол түні психотропты зат қолданған 5 адамды анықтап, полицейлерге тапсырған екен.

Санат Үсербаев – ҚР ҰҰ 6637 әскери бөлімі жедел мақсаттағы батальонының әскери жасақ бастығы:

– Бұл мамандық өзіме ұнайды. Әр мамандықтың өз қиыншылығы бар. Оған төзе білу керек. Әскери борышты өтеу әр азаматтың міндеті деп ойлаймын.

Туған жердің тыныштығын қорғау – даңқты іс. Айта кеткен жөн, 6637 әскери бөлімінде 200-ге жуық жауынгер Отан алдындағы борышын өтеуде.

Маржан Қасымбек