Спорт

Волейболдан жасөспірім қыздар арасында қысқы чемпионат өтуде

Тартысқа толы доданың 5 күні артта қалды! Петропавлда жасөспірім қыздар арасында волейболдан қысқы  ел чемпионаты өтіп жатыр. Байрақты бәсекеде еліміздің түкпір-түкпірінен жиылған 14 құрама бақ сынасуда.

Ортада – Алматы қаласынан келген «Жетісу» және жергілікті «СҚО» командалары. Қос құраманың да ойынға мықтап дайындалғандары көрініп тұр. Допты ары-бері лақтырып, бір-біріне тоқтаусыз соққы беруде. Десе де, петропавлдық ұжым қарқынын күшейтіп, бәсеке тізгінін қолдарына алды. Осылайша, ойынның бірінші периодын 24:17 есебімен аяқтады.

Кейін екінші кезең басталып кетті. Ойын алғашқы минуттардан-ақ қыза түсті. Бастапқыда әлсіздік танытқан қонақ құрама қарқынын күшейтуге тырысты. Бірақ, солтүстікқазақстандықтар қарсыластарына басым түсуге мүмкіндік берген жоқ. Өздерінің айла-тәсілдерін шебер қолданудың арқасында бұл периодты да ұтыспен аяқтады. Есеп 24:10.

Айя Жақсылықова – «СҚО» құрамасының капитаны:

–  Менің ойымша, біз жақсы ойын үлгісін көрсеттік.  Мен 3 жылдан бері волейболмен айналысып келемін.
Қарсыластарым да жақсы ойнады. Барынша жеңуге тырысты.

Петропавлдан өзге Алматы, Қостанай, Нұр-Сұлтан, Теміртау және Қарағанды қалалары. Волейболдан 2007-2008 жылы туылған қыздар арасындағы қысқы республикалық чемпионатқа еліміздің түкпір-түкпірінен жиылған 14 құрама қатысуда.

Салтанат Қошқарбаева – “Қуаныш” ВК жаттықтырушысы:

–  Волейболдан қысқы ел чемпионаты өңірде биыл алғаш рет өткізіліп отыр. Сайыста өңір намысын петропавлдық 2 құрама қорғауда. Қазірге дейін қос команда да жоғары нәтиже көрсетіп жатыр. “СҚО” финалға жолдама алды.

Айта кеткен жөн, ел чемпионаты қаңтардың 10-ына дейін жалғасады. Ертең ақтық мәреге жолдама алған қыздар өзара жеңімпазды анықтайтын болады. Үздік атанғандар мақтау қағаздары, медаль және кубокпен марапатталады.

Маржан Қасымбек