Спорт

«Qulager» құрамасы “Ақтөбе” ХК-дан ұтылып қалды

Құлагерліктер “Ақтөбе” ХК-мен өткізген қарымта ойында есе жіберіп алды. Кеше ғана жаңа жылдағы алғашқы жеңісін тойлаған жерлестеріміз минималдық есепте ұтылды. Кездесудің бұлай аяқталуын жанкүйерлер де, спортшылар да күтпеген еді.

Ақтөбеліктермен өткен алғашқы ойында жерлестеріміз 3 те 2 есебімен жеңіске жеткен еді. Бүгін міне қарымта ойын басталып кетті. Айдынға шыққан қос құраманың белсенділігі жоғары. Екеуі де бір-біріне қайта-қайта жойқын шабуылдар ұйымдастыруда. Сөйтіп, ойынның 12-ші минутында қарсыластарының қателігін ұтымды пайдалана білген құлагерліктер есеп ашты. Шайбаны 37-ші нөмірлі Илья Ахметов соқты. Осыдан кейін ақтөбеліктер қорғанысын күшейте бастады. Бірақ, ол еш нәтиже бермеді. Периодтың аяқталуына 1 минуттан аз уақыт қалған сәтте Алексей Данилов ұпайды еселей түсті. Таблода – 2:0.

Осылайша 1-ші период аяқталды. Ал 2-ші таймда ақтөбеліктер есепті теңестіруге барынша тырысып бақты. Сөйтіп, 9-шы минутта қарсылас команда айлаларын асырып есепті 2:1-ге жеткізді. Алайда, қонақ құраманың қуанышы көпке созылмады. Араға 2 минут сала 13-ші нөмірлі Евгений Попитич қарсыластардың қақпасынан саңылау тапты. Жанкүйерлер таблодағы сандар 2-ші периодтың соңына дейін өзгеріссіз қалады деп ойлады. Бірақ, олай болмады. Петропавлдықтар қорғаныста қателікке бой алдырып тағы бір шайбаны өткізіп алды. Есеп 3:2.

–  Ойын өте жақсы қарқынмен басталды. Жерлестеріміз үмітті ақтайды деген сенімдемін.

– “Qulager” командасындағы барлық хоккейшілер ұнайды. Бүгінгі ойын өте қызық өрбіп жатыр. Жерлестеріміз 5:2 есебімен жеңіске жетеді деп ойлаймын.

Үшінші кезеңде нағыз қызық басталды. Жанкүйерлер петропавлдық имек таяқ шеберлерінің жеңіске жететініне нық сенімді еді. Алайда, жалғыз қателік ойынның барысын мүлдем басқа арнаға ауыстырды. 15-ші минутта ашуға бой алдырған құлагерлік қорғаушы айдында өзін дөрекі ұстағаны үшін 5 минутқа ойыннан шеттетілді. Бұл сәтті қонақтар ұтымды пайдаланып бір емес екі бірдей шайба дарытты. Сөйтіп, есепте басым түсті. Қалған 10 минутта “Qulager” толық құраммен ойнап, қарсылас жақтан бір хоккейші уақытша қуылды. Дегенмен, осы мүмкіндікті петропавлдықтар пайдалана алмады. Кездесудің аяқталуына санаулы минуттар қалғанда айдын иелері 6 адам боп ойнады. Бірақ, бұл да еш нәтиже бермеді. Осылайша кездесу 3:4 есебімен аяқталды.

Ильгиз Нуриев: «Qulager» ХК капитаны:

– Біздің тарабымыздан қателік кетті. Оны мойындаймыз. Қарсыластарымыз бұл мүмкіндікті өз пайдаларына жарата білді. Бұл әлі де жұмыс істейтін тұстардың бар екенін көрсетеді. Жалпы, ойын өте тартысты әрі қызықты өтті.

Қазір – жерлестеріміз турнирлік кесте бойынша 6-шы орында. Құлагерліктердің келесі ойыны сырт алаңда қаңтардың 11-і мен 12-сі күндері өтеді. Олар атыраулық “Бейбарыс” құрамасымен кездеспек.

Ақтолқын Солтанханқызы