Аптадағы маңызды жаңалықтар

Партиялық бақылау

Өңірдегі 176 нысан – нұротандықтардың бақылауында! Мектептер мен баспаналардың құрылысын партия мүшелері әрдайым назарда ұстайды. Осылайша, олқылықтадың орын алуына жол бермейді. Бұл жөнінде бүгін жергілікті бақылау комиссиясының отырысында айтылды.

Жиынға ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Абай Тасболатов та қатысты. Азаматтың сөзінше жасалып жатқан жұмыс жеткіліксіз. Себебі, шешімін таппаған проблемалар әлі де бар. Мәселен, Қапайдағы жер үйлердің сүрілуі сылбыр атқарылуда. Күн жылығанда құрылысты бірден бастап кету үшін учаскені алдын ала дайындау қажет. Бірақ, кейбір тұрғындарын өз баспаналарын тастауға асығар емес. Барлық коммуникациямен қамтылған пәтер кілтіне де айырбастағылары келмейтін көрінеді. Шаруаны реттеуге партиялық бақылау комиссиясының мүшелері де ат салысулары қажет деп есептейді мәжілісмен. Тағы халық қалаулысы нұротандықтарды түсіндіру шараларына да белсендірек қатысуды тапсырды.

Абай Тасболатов – ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

– Кеше Есіл ауданында болдым. Бірнеше елді мекенді аралап, тұрғындармен кездестім. Сөйтсем, халықтың көбі атаулы әлеуметтік көмек пен міндетті медициналық сақтандыру жайында білмейді екен. Бұл тиісті шаруаның жүргізілмей жатқанын білдіреді. Сондықтан, жер-жерге барып, жұртшылықпен кездесіп, түсіндіру жұмыстарына араласыңыздар.

Эльмира Садвокасова