Қоғам

Атаулы әлеуметтік көмектің жаңа форматы

Табысын жасырып, мемлекеттен ақшалай жәрдемді заңсыз алуға жол берілмейді енді. Елімізде атаулы әлеуметтік көмек жаңа форматта тағайындалады. Яғни, былтырғыдай 1 жылға емес, небәрі 1 тоқсанға. Сондай-ақ, аз қамтылған және көпбалалы отбасыларға арналған материалдық жәрдемнің өзге де түрлері пайда болды. Алайда, бұл жанұялар биліктен дайын ақшаны алып қана қоймай, жұмыс істеп, жағдайларын жақсартуға ұмтылуы тиіс.

Саят Ермек – тілші:

– АӘК – 2019-да көп талқыға түскен тақырыптардың бірі. Өткен сәуірден бастап ол жаңа форматта беріле бастап еді, жәрдем алушылардың саны күрт өсіп, біздің облыстың өзінде 27 мыңға жетті. Ішінде тәп-тәуір табысы мен бизенесін жасырып, көмекті заңсыз алғандар да болмады емес, болды. Қазір 20 іс сотта жатыр. Осындай бұзушылықтарды болдырмау үшін билік көмектің жаңа әдісін ойлап тапты.

2020-дан бастап АӘК енді тұрмысы төмен отбасыларға бұрынғыдай 1 жылға емес, 3 ай сайын қайта тағайындалып отырады. Бұл мемлекеттің ақшасын алдап, қалтаға басуға жол бермейді.

Асқар Сақыпкереев – облыс әкімінің орынбасары:

– Биыл мұндай болмайды деп ойлаймыз, өйткені, былтыр біз әлеуметтік көмекті тағайындау шешімін 1 жылға қабылдағанбыз. Бұл қиын, өйткені, отбасының бір айда кірісі болуы мүмкін, ал бір айда болмауы мүмкін. Қазір біз АӘК беру үшін, адамның өткен тоқсандағы кірісін қарастырып, сол бойынша ғана төлейміз.

Егер жанұяның әр мүшесіне шаққандағы табыс 19 мыңнан кем болса, ол АӘК ала алады. Оның мөлшері өзгеріссіз қалды. Алайда, отбасыда 12 мүшесі сау, еңбекке қауқарлы адам бола тұра мемлекет ұсынған жұмыстан ол бас тартса, күллі жанұя көмектен қағылады. Яғни, мұндағы мақсат – қаржылай қолдау көрсету ғана емес, еңбекке ынталандыру. АӘК алушыларға арнап мемлекет биыл қосымша бонус та ендіріп отыр. Аз қамтылған жанұялардың 1 мен 6 жас аралығындағы балалары ай сайын тамақ және 3 ай сайын гигиеналық құралдармен қамтылады. Ал 6 мен 18 жас аралығындағыларға 2 жылда бір рет мектеп формасы мен кеңсе тауарлары үлестіріледі, күнделікті тегін түскі ас пен жолақы да төленбек.

Асқар Сақыпкереев – облыс әкімінің орынбасары:

– Қазіргі тағңда барлық құжаттар дайын. Қазір отбасылар жұмыспен қамту орталықтарына жүгініп, көмек алуға өтініштерін беріп жатыр. Ол тағайындалғаннан кейін ақпан айында манағы азық-түлік пен тазалық құралдарын үлестіре бастаймыз. Айта кететін жәйт, мұндай материалдық жәрдем тек АӘК алатын отбасыларға ғана берілед.

Тағы бір жаңалық – жыл басынан Қазақстанның барлық көпбалалы отбасылары бөлек жәрдемақы алатын болды. Табысы мол ма, аз ба – маңызды емес, 4 және одан да көп баласы болса, жанұя қаржылай қолдауға ие болады. Ал оның мөлшері мынадай:

– 4 балалы отбасыға айына – 42500 теңге, 5 баласы бар жанұяларға 53125 теңге төленетін болады. Бала саны 6-ау болса, жанұя ай сайын – 63750, ал 7-еу болса, 73375 теңге алмақ. Бұл көмекпен 3 мыңнан астам солтүстікқазақстандық жанұяны қамту жоспарлануда.

Айта кеткен жөн, бір отбасы бір уақытта АӘК-ті де, көпбалалыларға арналған жәрдемақыны да ала алады, егер талаптарға сай болса, әрине.

Саят Ермек – тілші:

– Бірақ, бұл мемлекетке қол жайып отыра беру керек деген сөз емес. Аз қамтылған отбасыларға жеңілдікпен несие алып, кәсіп ашуға мүмкіндік бар, одан қалды, бизнес-курстардан өтіп, грант ұтып алуға да болады. Қысқасы, мұқтаждық пен масылдықты шатастырмау керек. Кедейліктің күрмеуінен босауға әркім өзі талпынуы тиіс, ал мемлекет тек көмектеседі. 

Саят Ермек