Құқық қорғау органдарыҚоғам

“Ватрушкалар” қаншалықты қауіпті

Петропавлда бір топ жас экстремал ұсталды. Олар үрлемелі сырғанау құралын көлікке тіркеп, балағат сөздер айтып, шаһар көшелерін кезген. Осылайша әлеуметтік желілерде танымал болғылары келген. Жалпы, соңғы бірер жылда пайда болған “ватрушкаларды” төбешіктен сырғанау үшін емес, өзге экстремалдық мақсатта қолдану белең алып барады қазір. Арты қайғылы аяқталған оқиғалар да жоқ емес.

Саят Ермек – тілші:

– Мұз төбешіктерден сырғанау үшін бұрын астымызға картон не линолеум тілімін төсеуші едік қой, есіңізде болар! Бертінірек пластмасс көпшіктер пайда болды. Ал соңғы бірер жылда “ватрушка” деп атап кеткен мынадай тюбингтер сұранысқа ие.

Алайда, оларды бәрі бірдей төбешіктен сырғанау үшін қолданса ғой, шіркін! Мына кадрларға қарайықшы. Бұл – көрші Ресей. Манағы “ватрушка” мінгендер бағаналарға соғылып, жолдың ортасына шығып кетіп жатыр. Ал ең батылдарының жасап жатқаны мынау.

Желіде мұндай видеолардың сан алуандығынан көз сүрінеді. Бірақ, тюбингке тағар кінә қандай?! Бәрі – экстримге деген “махаббаттың” салдары емес пе?!

Мына видеоны көріп, жаның түршігеді. Бұл – енді Шығыс Қазақстан, жаңа жылдың екінші күні. 18-19 жасар 2 жігіт қайтыс болды бұл кеште. Олар көлікке манағы “ватрушканы” тіркеп, тас жолға шыққан, үлкен жылдамдықпен жүйткіген. Ақыры қарсы бетте келе жатқан көлікпен соқтығысып тынды.

Кезек өзіміздің петропавлдық жастарға да келді. Бұл видео кеше желіде жарияланған еді, кейін өшірілді. Полицейлерден алдық. 19-20 жастағы бір топ экстремал үрлемелі матрасты көлікке тіркеп, балағат сөздер айтып, түрлі түсті бояуларды шашып, шаһар көшелерімен айдап келеді. Ішінде ресейлік бозбала да бар екен. Мақсат – хайп ұстау, танымал болу. Бірақ, оларды енді әлеуметтік желідегі лүпілдер емес, айыппұлдар күтіп тұр.

Шәмшиден Ақышов – Петропавл қалалық ПБ ЖПҚ бөлімі бастығының орынбасары:

– “Тойота” автокөлігінің иесіне әкімшілік хаттама толтырылды, 5 АЕК көлемінде айыппұл салынды. Тағы 3 адам ұсталынып, оларға қатысты материал жиналып, әкімшілік сотқа жіберілді. Оның шешімі бойынша олар не айыппұл төлейді, не қамауға алынады.

Қысқасы, бір сәт көңіл көтеріп, адреналин аламын деп, өмірден өтіп кету ғажап емес. Бұған жоғарыда айтқан Шығыс Қазақстандағы оқиға дәлел. Сондықтан, жалпы сырғанау дегенге жауапкершілікпен қарап, шектен шықпаған абзал!

Саят Ермек