Спорт

«Qulager» құрамасының 2020 жылдағы алғашқы жеңісі

«Qulager» құрамасының 2020 жылдағы алғашқы жеңісі. Кеше петропавлдықтар шайбалы хоккейден ел чемпионатының 2-ші кезеңі аясында «Ақтөбе» құрамасын қабылдады. Тартысты өткен кездесуде жерлестеріміз 3:2 есебімен жеңіске жетті.

Жерлес хоккейшілер ел чемпионатының 1-ші кезеңінде 64 ұпаймен турнирлік кестеде 6-шы орынға табан тіреген еді. Бүгін, міне 2-ші кезең. Петропавлдықтар кезекті матчты өз айдынында «Ақтөбе» құрамасына қарсы өткізуде. Төреші шайбаны тастай салысымен жерлестер бірден іске көшіп, қонақтардың қақпасына бірнеше қауіпті шабуыл жасап үлгерді. Осы қарқынмен құлагерліктер ойынның 5-ші минутында дегендеріне жетті. Станислав Логинов қарсыластарын епті алдап өтіп, Евгений Попитичке пас берді. Осы мүмкіндікті ұтымды пайдаланған ол қонақтардың қақпасына шайбаны дәл дарытты. Есеп 1:0. Ақтөбеліктер де қарап қалмады. Алғашқы периодтың соңғы минуттарында олар есепті теңестіре білді.

Ал үзілісте көрермендерді тосын сый күтіп тұрды. Құлагерліктер мереке қарсаңында жанкүйерлерін түрлі сыйлықтармен қуантты. Келушілердің арасында лотерея ойнатылып, тарту-таралғылар үлестірді.

Кейін 2-ші кезең де басталып кетті. Бұл жолы ойын тізгіні қонақтардың қолында болды. Жерлестеріміз қорғаныста қателіктер жібере бастады, алаңнан қуылды. 10-шы минутта қарсыластар айлаларын асырып тағы бір гол соқты.

– Біздің жігіттерге жинақылық жетіспеді деп ойлаймын. Олардан 3-ші кезеңде көп үміт күтемін. Құлагерліктер жеңіске жетулері тиіс.

–  Соңғы айналымда құлагерліктер алға шығады деп үміттенемін. Жерлестеріміз есепті 3:2-ге жеткізеді деп топшылаймын.

Соңғы 20 минуттық қызу өтті. Қос команда да жеңісті қолдан бергілері келмейді. Хоккейшілер матч барысында жұдырық алмасып та үлгерді.

Жанкүйерлер де голды асыға күтуде. Арада 13 минут өткен соң петропавлдық Станислав Логинов ақтөбелік қақпашыдан айласын асырып кетті. Қонақтардың қақпасынан саңылау тапқан жерлесіміз осылайша есепті теңестірді. Таблода – 2:2. Кездесудің соңғы минуттары жақындай түсті. Матч овертаймда жалғасады деген үміт бар. Бірақ, құлагердік Максим Первухин іске көшіп соңғы шешуші шайбаны қарсыластардың қақпасына дарытты. Ойын 3:2 есебімен аяқталды.

Максим Первухин – «Qulager» ХК шабуылшысы:

– Ең бастысы жинақылық керек. Біз ақтөбеліктермен турнирлік кестеде қатар келе жатырмыз. 2-ші периодтан кейін жеңіле бастадық. Бірақ, соңғы айналымда еңсемізді тіктеп шабуылға көштік.

Жерлестеріміздің 2020 жылдағы алғашқы жеңісі. Қазір «Qulager» турнирлік кестенің 6-шы орнында тұр. Ақтөбелік хоккейшілермен қарымта кездесу қаңтардың 8-і күні өтеді.

Бердімұрат Баймұқан