Спорт

Али Алиев енді “Qyzyljar” ФК жаттықтырмайды

“Qyzyljar” ФК бас жаттықтырушысы Али Алиев қызметінен кетті. Бұл жайлы бірер күн бұрын клубтың баспасөз қызметі хабарлады.

Жалпы, 39 жастағы азамат СҚО-да 5 жыл тер төкті. Ол 3 жыл бойы петропавлдық команда сапында доп тепсе, қалған уақытта құраманы жаттықтырды. Өзімізге жақсы мәлім, биыл Али Алиевтің қол астындағы жігіттер зор жетістікке жетті. Олар тұңғыш рет бірінші лиганың чемпиондары атанды. Осылайша кезекті мәрте премьер-лигаға жолдама алды. Әзірге, жергілікті жанкүйерлердің сүйіктісіне айналған білікті маман қайда және кім болып еңбек ететіні белгісіз. Келіп түскен ақпаратқа сүйенсек, қызылжарлық клуб жаңа жаттықтырушыны қаңтардың 11-і күні таныстырмақ. Жалпы, қазіргі күні теріскейлік ұжым Түркия елінде оқу-жаттығу жиындарын өткізіп жатыр. Аяқ доп шеберлері Жерорта теңізінің жағалауында 6 -шы жолдастық кездесу ұйымдастырмақ. Оның алғашқысы 13-ші қаңтарда венгриялық “СК Будаёрш”-ке қарсы өтпек.

Байболат  Култанов