ТЖ

Ойқалада орналасқан баспанадан өрт шықты

6 күнде 6 өрт оқиғасы. Бүгін шаһарда тағы бір төтенше жағдай тіркелді. Таңғы 10-нан 44 кеткенде 101 нөміріне Ойқала ықшам ауданында орналасқан баспанадан от шықты деген хабар түскен. Құтқарушылар оқиға орнына 5 минутта жетіп, тілсіз жауды ауыздықтады.

Төтенше жағдайлар департаментінің көліктері шоғырланған үй Ойқала ықшам ауданындағы 308-ші Краснознаменная көшесі бойында орналасқан. Қазір баспанаға қарап мұнда өрт болды деп айту да қиын. Қызыл жалын нысаннан таңғы 10 жарым кезінде шыққан көрінеді. Тілсіз жауды көршілер байқап, бірден құтқарушыларға хабар берген.

Роман Ширяев:

–  Иттерге тамақ беруге шығып едік, түтінді көрдік. Қарасақ, көрші үйдің терезелерінен шығып жатыр екен. Жүгіріп барып өрт сөндірушілерге хабарластық. Құтқарушылар 5 минут өтер-өтпестен оқиға орнына келіп, іске кірісті.

Құтқарушылар 5 минутта жетіп, өртті 10 минутта сөндірді. Қызыл жалын 5 шаршы метр болатын жерді шарпыған. От тараған аумақ аз болып көрінгенімен, бір адамның өмірін жалмады. Өрт сөндірушілер үйден шамамен 35 жастағы естен танған әйелді сыртқа шығарған. Мамандар алғашқы көмек көрсетсе де нәзікжандыны құтқара алмапты.

Әсет Сердалин – СҚО ТЖД өрт сөндіру кезекші қызметінің жедел кезекшісі:

– Өрт орнына 2 бірлік техника жұмылдырылды. Оттың шығу себебі анықталып жатыр.

Айта кету қажет, 2020 жыл енді ғана бастау алса да өңірде 6 күннің ішінде 6 бірдей өрт оқиғасы тіркелген.

Эльмира Садвокасова