МТРА жаңалықтары

«Есіктен есікке» акциясы

Химия-биология бағытындағы НЗМ директоры Данияр Уәлиев – облыстық мәслихат депутаттығына «Nur Otan» партиясы атынан үміткер. Ол сайлауалды үгіт-насихат жұмыстарын Тәуелсіздік күні де ұйымдастырды. Бұл жолы халық қалаулысы болуға ниет білдірген жан Бөкетов көшесі бойында орналасқан көпқабатты баспаналарды аралауда. Негізгі мақсат – тұрғындарға өз бағдарламасын таныстыру, анықтама қағазын тарату және маңызды мерекемен құттықтау.

Партия өкілі тілдескен қалалықтардың барлығы дерлік сайлауға келетіндіктерін айтты. Бірақ, көпшілігі кімге дауыс беретіндіктерін әлі шешпеген екен.

– Үміткерлердің бағдарламасымен танысып жүрмін. Сайлауға дейін таңдау жасайтын боламын.

– Еліміздің медицинасын одан әрі дамытуға септігін тигізе алатын адамға дауыс бергім келеді. Әсіресе, зейнеткерлерге қатысты мәселелерді шешетін жанға таңдау жасаймын.

Әр қатысушының сайлауалды бағдарламасы түрлі бағытқа негізделген. Үміткерлердің бірі құрылыс, кәсіпкерлік секторларына жаңашылдықтар енгізгісі келсе, тағы бірі медицинаны дамытуды көздейді. Ал Данияр Уәлиевті білім беру саласындағы жайттар толғандырады.

Данияр Уәлиев – облыстық мәслихат депутаттығына «Nur Otan» партиясы атынан үміткер:

– Өз бағдарламамда “Педагог статусы” заңы бойынша жұмыс істедім. Қалада қазақ тілді мектептер аз. Қуантарлығы биыл 2 мектеп ашылды. 3 ауысымға көшу мәселесі де қарастырылып жатыр.

«Есіктен есікке» акциясы алдағы күндері де жалғасын таппақ. Солтүстікқазақстандықтар өздерінің көңілдерінен шыққан үміткерді қаңтардың 10-ы күні таңдайды.

Маржан Касымбек