Қоғам

Жаңажылдық дастархан

Тышқан жылы молшылық пен береке жылы болмақ. Сондықтан, жаңажылдық ас мәзіріне ерекше көңіл бөліп, дастарханды молынан жайған абзал. Бұл күні нәзікжандылар мерекелік астың бір емес бірнеше түрін әзірлеуге тырысады. Осы орайда біз сіздерге / өзіңізге де уақыт қалдыру үшін тілдің дәмін үйірер әрі жылдам даярланатын тағам туралы айтпақпыз. Аспазбен сырласып қайтқан әріптесіме кезек берейін.

Шығыс күнтізбесі бойынша 2020 жыл – Тышқан жылы. Алдағы жыл өзімен бірге молшылық пен ырысын ала келсін десеңіз жайылатын дастархан да мол болуы тиіс. Тышқанның тамаққа деген талғамы қатал емес. Сол себепті, ас мәзіріне қосылатын тағамға шектеу жоқ десек те болады. Бүгінде бірі жаңажылдық дәстүрлі ас ретінде манты дайындаса, енді бірі бесбармақ әзірлеп жатады. Ал кейбіреулері дәмді асты құс етінен ойластырады.

Дана Сәлімқызы – тілші:

– Жаңа жылға дейін аз ғана уақыт қалды. Әдетте бұл мерекеде бикештер ас мәзіріне үлкен мән береді. Сол себепті, дастарханға қандай тағам қоятынызды алдын ала ойластырып қойған артық етпес. Осы орайда біз сіздерге бас аспазбен соус қосылған магре үйрегін ұсынамыз.

Маргарита Светличная – бас аспаз:

– Жаңажылдық ас мәзірінде құс еті болғаны дұрыс. Себебі, жыл иесі тышқан бұл етті жақсы көреді. Оған қоса құс етінен жасалатын тағамдардың барлығы да тез әзірленеді. Осы орайда біз сіздерге шамалы ғана уақыт жұмсалатын тамаша тағам әзірлеудің оңай жолын көрсетпекшіміз.

Алдымен бұрыш қоспалары мен тұзды араластырып аламыз. Кейін үйректің кеудесін турап, бұрыш пен тұз араласқан ыдысқа салып, бір 10 минуттай маринаттауға қоямыз. Құс еті маринатталғанша дейін бос уақытты жоғалтпай соус әзірлейміз. Ол үшін отқа десерт шарабын қыздырып аламыз. Кейін оның үстіне мұздатылған шиені салып, кішкене тұз бен бұрыш сеуіп, араластырамыз. Осылайша соустың дәмін келтіреміз. Енді оны суытуға қоямыз.

Маргарита Светличная – бас аспаз:

– Ал енді үйрек кеудесіне көшейік. Оны табаға салып, екі жағын да оңдап тұрып қуырамыз. Қуырып болғаннан кейін оны бір 10 минутқа электр пешіне қоямыз.

Үйрек еті пеште піскенш, тағамды безендіру үшін апельсинді аршып, дөңгелектеп тураймыз. Кейін үстіне қант сеуіп, табада қуырамыз.

Міне, үйрек еті толығымен дайын. Тағамды безендіруді ұмытпаңыз. Алдымен табаққа апельсинді, кейін үйрек етін әдемі етіп турап саламыз. Үстінен соус құйылады.

Мұндай тағамды жаңажылдық дастарханға қоюдың реті бар. Себебі, жылдам әзірленеді, жеңіл әрі пайдалы. 2020 жылдың қарсаңында жайылатын дастарханыңыз молынан болсын.

Дана Сәлімқызы