МТРА жаңалықтары

Петропавл қаласының әкімі есеп берді

Келер жылы Петропавлдағы автобус паркі жаңартылады! Су жаңа қоғамдық көліктерді алуға қазынадан 750 млн теңге бөлініпті. Тағы, 2020-да қаламыздағы 70-тен аса аулаға асфальт төсеу, жеке тұрғын үй секторында орналасқан 35 көшені қалыпқа келтіру жоспарланып отыр. Бұл жайлы журналистерге шаһар басшысы Болат Жұмабеков мәлімдеді.

Қала әкімі Болат Жұмабаев баяндамасын өндіріс саласынан бастады. Себебі, Петропавлдағы зауыт-фабрикалар шаһар экономикасының өркендеуіне ауыз толтырып айтарлықтай үлес қосып отыр. Оған мына сандар дәлел.

Болат Жұмабеков – Петропавл қаласының әкімі:

– 11 айда қаламыздағы кәсіпорындар 140 млрд теңгенің өнімін шығарды. Желтоқсан айында да өндіріс ошақтарында қызу жұмыс жүргізілді. Тындырылған істің арқасында биылғы жалпы көрсеткіш 160 млрд теңгені құрамақ. Бұл – жақсы нәтиже.

Өзінің сайлауалды бағдарламасында ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев инвестиция тарту жұмыстарын жалғастырамыз деген болатын. Бұл бағытта Петропавлда біраз шаруа атқарылды. Мысалы, қаңтар-қараша айлары аралығында қаламызға 54,6 млрд теңге қаржы құйылыпты. Оның басым бөлігі жеке қаражат екен. Көрсеткіш келесі жылы артады. Өйткені, 2020-да “Қызылжар” экономикалық аймағына қалталы азаматтарды көптеп тарту жоспарланып отыр.

Болат Жұмабеков – Петропавл қаласының әкімі:

– Келетін кәсіпкерлер бар. Қазіргі таңда 2 кәсіпкер дайын отыр. Кәсіпкерлерді көптеп тарту бойынша облыс әкімі Құмар Ақсақалов тапсырма берді. Бұл бағытта жұмыс жүргізетін боламыз.

Енді, бюджетке келейік. Қала қазынасы соңғы 5 жылда 2 есеге ұлғайды. Яғни, биыл 37,7 млрд теңгені құрады. Ал 2020-да 44 млрд-қа жетпек. Құрылыс саласында атқарылған іске көңіл толады. Биыл 5 көпқабатты тұрғын үй қолданысқа берілді. Жоспар ауқымды. Келесі жылы 12 көпқабатты ғимараттың құрылысы жүргізілмек. Брифингінде Болат Жұмабеков тұрғындарды жиі толғандыратын мәселеге тоқталды. Шаһар ішінде адамдарды тасымалдайтын автобустарды жаңартуға 750 млн теңге бөлінді. Енді, бұл қаржыға су жаңа қоғамдық көліктер алынатын болады.

Болат Жұмабеков – Петропавл қаласының әкімі:

– Лизинг бойынша болса 100-120 автобус алатын шығармыз. Ал тура алсақ автобустардың саны аздау болады. Қазір бұл мәселені қарастырамыз.

Тұрғындар аулаларды абаттандыру мәселесін де жиі көтереді. Келесі жылы 73 үй маңына асфальт төселеді. Іске 621 млн теңге бөлініпті.

Байболат  Култанов