Аптадағы маңызды жаңалықтар

Облыстық әкімдіктің 2019-дағы соңғы отырысы

Жаңа жыл есік қағып, әне-міне кіргелі тұр. Десе де жергілікті атқарушы билік бүгін мәжіліс залында бас қосты. Облыстық әкімдікте 2019-дағы соңы отырыс өтті. Мұнда, әрине, өткен жыл қорытындыланды, жетістіктер, мәселелер мен оларды шешу жолдары сөз болды. 2020-да қандай іс тындырылады – бұл да айтылды.

Сондықтан, не істелді – қорытар шақ, не істеледі – айқындар шақ. 2019-дағы соңғы әкімдік отырысына жиылған шенді-шекпенді мен қоғам белсенділерінің қарасы қалың. Бүгін спикер біреу – ол аймақ басшысы. Құмар Ақсақалов облыстың сандарын сөйлетті. 2019-ды, қысқаша айтқанда, “жақсы нотамен” тәмамдайын деп отырмыз. 12 мың жаңа жұмыс орны ашылыпты биыл, жалақы – 16, ал жалпы экономикамыз 2 процентке өскен, шағын және орта кәсіп ашқандардың саны 30 мыңға жетіпті теріскейде. Қысқасы бар салада жай ғана өсім емес, өсім тұрақты.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Ауыл шаруашылығндағы өсім – 1 пайыз, өндіріс көлемін – 2, ал инвестициялар көлемін 5 пайызға арттырыппыз. Құрылыс – 2,5, ал баспана беру 7 пайызға өскен.

Әлеуметтік саланы қарастырайықшы. Алдымен, білім беру. Бұрын-соңды бұл салаға осынша қаржы бөлінген емес – бақандай 66 млрд. 142 мектеп күрделі жөндеу көрді, 35 мың бала жаңартылған ғимараттарда білім алып жатыр қазір.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Мектептерді жөндеу жөніндегі жұмыс жалғастырылатын болады. 3 млрд теңгеге 60 объектіні қамтуды жоспарлап отырмыз. Видеобақылау камераларымен 294 объектіні қамту үшін 259 млн теңге бөлінді. Облыстың 100% мектептері бейнебақылаумен қамтамасыз етіледі.

Көптің көкейіндегі түйткіл – медицинаның сапасы. Оны да біршама көтердік дейді әкім. Бастысы, тек орталықта ғана емес, ауылдарда да.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Биыл медициналық қондырғылар алуға 3 есе көп қаржы, яғни 4 млрд жұмсадық. Жамбыл, Ақжар, Уәлиханов, Тимирязев – 4 ауданда цифрлық маммограф қойдық. Осының арқасында сүт безінің обырын бастапқы кезеңде анықтай алатын жағдайға жеттік. 2020-да 32 жедел жәрдем көлігін аламыз, маусымнан дәрігерлердің жалақысы 30 пайызға өседі.

Биыл 20 мың үйге су құбыры жетіпті, 2240 пәтер тапсырылған, 680 шақырымдай жол жөнделген. Ал аяқ басқалы тұрған 2020-да бұл шаруа жалғасын табады деп сендірді аймақ басшысы. Тіпті, бұдан да зор іс тындырылмақ. Қазынадағы қаржы бұған мүмкіндік береді – келер жылы өлке бюджеті 262 млрд теңгені құрамақ. Салыстырсақ, былтырғыдан бақандай 100 млрд-қа көп. Құмар Ақсақалов солтүстікті аграрлық емес, аграрлық-индустриялық өлке қылмақ ниетте. Бұл – кәсіпорындардың саны бізде көбейеді деген сөз.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Түрік компаниясы бізде фанера шығаратын болады, Петропавлда трансформатор зауыты ашылады, ағаш өңдейтін боламыз, термос вагондар мен ноутбуктер құрастырамыз, ал Сырымбетте қалайы өндірмекпіз.

Ауылдар да назарсыз қалмайды. Мұндағы мақсат – бұқараның тұрмысын жақсарту. Сондықтан, аудандардың бюджеті де өседі алдағы жылы. Бірақ, әкім залға жиылған аграрийлерге халық тұрмысын жақсартуда бірге жұмыс істеу керек деді. Бәрін жалғыз ғана билікке артып қойған дұрыс болмас. Ал депутаттар қауымы мен билеуші партия өкілдеріне Құмар Ақсақалов қазынаның әр теңгесін бақылауда ұстау қажеттігін айтты. Осылай баяндамасын аяқтаған ол жиылған жұртты Жаңа жылмен құттықтады.

Саят Ермек