МТРА жаңалықтары

Кейбір маман иелері Жаңа жылды жұмыста қарсы алады

Құтқарушылар, жедел жәрдем дәрігерлері, тәртіп сақшылары мен әскери қызметкерлер. Жаңа жылды үйде / отбасыңның ортасында мерекелегенге не жетсін? Бірақ, кейбір маман иелеріне Жаңа жылды жұмыс орнында қарсы алуға тура келеді. Өйткені, ол жандарға кенеттен төтенше жағдай орын алған кезде тұрғындарға көмектесу ісі сеніп тапсырылған.

Қаладағы №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөліміне от шықты деген хабар жетті. Құтқарушылар ақпарды ести салысымен бір сәтке де кідірмей, жылдам жиналулары қажет. Олар небәрі 20 секундтың ішінде киініп, тиісті құралдарын алып, сақадай-сай тұрулары шарт. Бұл – мамандарға қойылатын темірдей талаптардың бірі.

Ернар Рүстем – Петропавл қалалық №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің аға инженері:

–  Қыс кезінде көктайғақ болғандықтан жылдамдықты қатты асырмауға тырысамыз. Оқиға орнына шамамен 7-8 минуттың ішінде жетіп барамыз. Өрт болып жатқан жерге жеткенде барлау жүргіземіз. Үйде қанша адам бар, электр тогы өшірілген бе, газ баллонының бар-жоғын анықтаймыз.

Жаңа жыл күні төтенше жағдайлар департаментінің 6 қызметкері кезекшілік атқарады. Олардың бірі – 15 жылдық тәжірибесі бар білікті маман Данияр Қазиев. Құтқарушы осымен 5-ші рет мерекені әріптестерімен қарсы алмақшы.

Данияр Қазиев – Петропавл қалалық №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің бөлімше командирі:

– Екі жыл Қарағанды қаласында әскери қызмет атқардым. Одан кейін қалалық өрт сөндіру бөліміне жұмысқа тұрдым.
Жұмысқа жаңа кірген жастар жұмыстың қиындығынан қорқып жатады. Бірақ, уақыт өте үйреніп кетеді. Жұмыс өзіме ұнайды. Адреналин аламыз.
 

Облыстық жедел медициналық жәрдем орталығында да жұмыс қызу. Әсіресе, мереке күндері диспетчерлерге тұрғындардан қоңыраулар жиі түседі екен. Адамдардың бірі мөлшерден көп тамақ жеп қойса, тағы бірі тағамдардан уланып қалатын көрінеді. Қызметкерлер науқас жайлы ақпаратты бірден арнайы бағдарламаға енгізіп, жақын маңдағы дәрігерге жібереді. Өз кәсібін жіті меңгерген мамандар тиісті жерге тез жетіп, емделушілерге жылдам әрі сапалы көмек көрсетеді.

Владимир Жужгов – облыстық жедел медициналық жәрдем орталығының көшпелі кардиологиялық бригада дәрігері:

– Біз адамдармен жұмыс істегендіктен, кез келген жағдайда сезімге берілмеуге тиіспіз. Егер дәрігерлердің көңілі түссе, науқас емделіп шығамын деген үмітін жоғалтып алуы мүмкін. Сондықтан, қашан да сабырлық сақтай білуіміз шарт.

Ауа райының суықтығы мен Жаңа жыл мерекесіне қарамастан патрульдік полиция қызметкерлері де күшейтілген тәртіпте жұмыс істейді. Өйткені, тәртіпбұзушылықтардың басым бөлігі дәл осы күні жасалатын көрінеді.

Бейбіт Кереев – СҚО ПД жол-патрульдік полиция қызметінің инспекторы:

– Адамдар кешкі 12-ден кейін мерекені қарсы алған соң жүргізушілер саны арта бастайды. Жүргізушілердің көбі ішіп алып, көлікке отырады. Біз сондай адамдарды ұстап, әкімшілік хаттама толтырамыз. Тәртіп бұзған жандар 3 жылға дейін жүргізу куәлігінен айырылады.

Айта кеткенді жөн, бұл күні Муниципалдық телеарнаның операторлары да жұмыс істейді. Жаңалықтар мен бағдарламаларды көрермен назарына ұсынып, мерекені тынымсыз еңбек етумен өткізеді.

Маржан Қасымбек