Қоғам

2020 жылға болжам: Тышқан жылы сәттілік әкеледі

Мемлекет берген мүмкіндіктерді пайдаланып, бизнес бастайтын жандар үшін құлаққағыс. Кәсіп дөңгелетіп, нәсіп табамын деген азаматтарды 2020 жылы тұрақтылық күтіп тұр. Жеке іс ашуда қиындық туындамайды дейді арна тілшілеріне сұхбат берген нумеролог Ұлпан Баукенова. Әсіресе, келесі 12 ай тауешкі, бикеш пен торпақтар үшін аса табысты әрі берекелі болмақ.

Ұлпан Баукенова – нумеролог: 

– 2020 жылдың адамдарға берер әсері өте жақсы, ақша, сәттілік, үй алу, үй сату, бала сүю сияқты өзгерістер күтілуде. Әсіресе, өмірлері түбегейлі өзгеретін 3 жұлдыз: Тауешкі, Бикеш пен Торпақтар.

Алдында – ақ парақ, қолында – қалам. Бұл – нумеролог Ұлпан Баукенова үшін 2020 жылдың жорамалын дайындауға қажет дүниелер. Нәзікжандының айтуынша келесі 12 ай баршамызға табысты болады. Жә, көп күттірмей әрбір жұлдызға жеке-жеке тоқталайық. Тоқтылардың мансабы өседі. Негізгі қызметін тастап, бизнес ашулары да ғажап емес. Бұл жандардың жеке істері өрге жүзетініне нумеролог сенімді. Жанұяларында да тоқтыларды жақсы өзгерістер күтіп тұр.

Ұлпан Баукенова – нумеролог:

– Торпақтар 2020 жылда отбасын құру, балалы, немерелі болуға қолайлы. Өте көп жол жүресіз. Үй алуға және сатуға жақсы. 2020 – қаржы жағынан өсетін жыл. Егіздер, 2020 жылы үлкен сомадағы несие алмаңыздар, үй алуға жақсы жыл. 2020 жылда барынша жаман әдеттеріңізді тастаңыздар. Екінші жартыңызды табуға жақсы жылдардың бірі.

Танысу, отау құру, бала сүю. Бұл – 2020 жылы шаяндарды күтіп тұрған қуанышты оқиғалар. Алып-сатар үшін де келесі 12 ай қолайлы болмақ. Сәтті жайттар тізбегі қаржы жағынан нығаюмен жалғасады. Ал арыстандар естен кетпес отбасылық бақытқа бөленеді. Бұл жұлдыз иелері кәсіби баспалдақпен көтеріліп, денсаулығы сыр берсе, оны қалыпқа келтіреді. Егер бизнесіңіз болса, кеңейтіп, табысқа кенелуге қорықпаңыз.

Эльмира Сәдуақасова – тілші: 

– Бикештер де құлақ түріңіздер! Сіздерді 12 жылда бір келетін сәттілік күтіп тұр. Жұмыс, бизнес пен саяхат. Әрбір пайда болған мүмкіндікті қалт жібермеңіздер. Ал таразылар, Жаңа жылда қоныс тойын тойлап, отбасыларымен үлкен қуанышқа бөленбек.

Көлік мінемін деген сарышаяндар үшін де арманындағы темір тұлпарды таңдауға кірісу қажет. Автосалоннан алынған машинаны тізгіндеп, бұл жандар кейін саяхатқа аттанбақ. Ел аралап жүріп достарыңыздың қатарын көбейтулеріңіз де мүмкін. Мергендерді тышқан жылы көптеген тосын сый күтіп тұр. Жұмыстарында – табыс, ал бизнесте сәттілік серік болады. 2020 тауешкілердің де есінде мәңгіге сақталмақ. Балалы болу, қызметке тұрып, лауазым бойынша өсу. Жеке іс ашып, баспана кілтіне қол жеткізу. Бұның барлығы – сіздерге 12 ай ішінде кездесетін мүмкіндіктер. Әрекет ететін уақыт келді! Суқұйғыштар, ішкі түйсіктеріңізге сенім артыңыздар. Ол сіздерді армандарыңызға жетелейді.

Ұлпан Баукенова – нумеролог:

– Балықтарға 2020 жылы көп оқуға кеңес беремін. Әлеуметтік желілер арқылы бизнес ашыңыз. 2020 жылы балалы боласыздар. Бизнесіңіз болса, өсіруге тырысыңыз.

Қысқасы жаңа 12 жылдықты бастайтын Тышқан жылының бізге сыйлары мол. Мүмкіндіктерді жіберіп алмай, әрекет ету қажет!