МТРА жаңалықтарыҚоғам

Жаңажылдық тартулар

Жақындарыңызға сыйлық таңдап үлгердіңіз бе? Әлде қандай базарлық тарту ететініңізді білмей жүрсіз бе? Уайымдаудың қажеті жоқ. Бүгін арна тілшілері қаладағы дүкендерді аралап шықты. Онда Жаңа жылға арналған сан түрлі сый бар екен. Әріптесіміздің көрген дүниесін сіз де тамашалаңыз.

Бердімұрат Баймұқан – тілші:

– Алда – көптен күткен Жаңа жыл мерекесі. Мейрам қарсаңында көптеген адамдар жақындарына сыйлық сатып алуда қиналып жатады. Бірінің уақыты болмаса, басқалары таңдау жасаған кезде не аларын білмейді. Біз бүгін қаладағы дүкендерді аралап көрмекшіміз. 2020 жылы жақындарымызға қандай базарлық апаруға болады? Бірге қарап көрейік.

Жаңа жылды ересек адамдарға қарағанда кішкентай ұл-қыздар асыға күтетіні рас. Сол себепті, біз ең бірінші балалар дүкеніне бас сұқтық. Мұнда сан түрлі базарлық бар. Бірақ, үлкенді-кішілі тышқандар өте көп. Ол түсінікті, әрине. Тышқан – 2020-ның нышаны. Жұмсақ ойыншықтардың бағалары әр түрлі. Кіштайларын – 500, үлкендерін 3-4 мыңға сатып алуға болады. Естелікке тамаша дүние. Осы орайда өткенді еске алғым келіп отыр. Бұрын біз мерекеде тәтті-тәпсек алсақ деп армандайтынбыз. Ал қазіргі балақайлардың талғамы мүлде басқа екен. «Бүгінде ата-аналар өздерінің қыз балаларына бесіктегі қуыршақ пен тамақ дайындап үйренетін мынадай заттарды жиі алады» -, дейді дүкен сатушысы Олеся Петрушова.

Олеся Петрушова – сатушы:

– Мына қуыршақ жұмсақ резеңкеден жасалған. Оның өзінің арбасы, аузында еміздігі бар. Ойыншықтан тәтті ванильді иіс шығады. Мұндай дүние балалар арасында аса танымал. Сонымен қатар, кішкентай қыздарға мынадай асхана жабдықтарын сыйлауға болады. Ол 3-4 жастағы балалар үшін ермек болары сөзсіз.

Ал ұлдарға не сыйлаймыз? Көпшілік, әрине, автокөлік деуі мүмкін. Кезінде оны біз өз қолымызбен ағаштан ойып жасайтынбыз. Қазір қалағаныңның барлығы дүкенде бар. Мәселен, біз бас сұққан сауда орнында трактор, қар тазалайтын машина, танк, темір тұлпарлардың түр-түрі тұр. Тіпті, радиомен басқарылатындары да бар. Міне, осындай ойыншықтарды тарту етсеңіз, балалардың қуанышында шек болмайтындығы сөзсіз.

Ал азаматшаларға ше? Нәзікжандыларға сыйлайтын дүниелер өте көп. Бірақ, олардың көңілінен шығатын затты табу оңай емес. Егер сіз анаңызға немесе жарыңызға әлі сыйлық алып үлгермеген болсаңыз, онда құлақ түріңіз. Сізге берер бірер кеңесіміз бар. Әйелдер қауымы әрқашан да өздерінің сұлулығын құлпырта түсетін косметикалық бұйымдарды қалайды дейді мамандар.

Сәбина Ақпарова – опа-далап сатушы:

– Жаңа жыл қарсаңында дүкенімізде қарбалас. Ер адамдардың біразы косметика сатып алып жатыр. Меніңше, жақсы таңдау. Өйткені, мұндағы заттардың басым бөлігі бьюти индустрия дамыған Корея елінен әкелінеді. Егер не алатыныңызды білмей қиналсаңыз, мынадай сертификат әперіңіз. Жақындарыңыз өздері келіп, қалаған заттарын таңдап ала алады.

Сондай-ақ, нәзікжанжыларға әшекей немесе сөмке сынды түрлі дүниелерді тарту етсеңіз қателеспейсіз. Жаңа иіссу да жақыныңыздың көңілінен шығары анық.

Енді, ер адамдарға келейік. Біздерге сыйлық аларда аса көп ізденудің қажеті жоқ. Әуестенетін ісімізге қарай базарлық алсаңыз болады. Мәселен, спорттық жабдықтарды, балық аулауға арналған құралдарды тарту етіңіз. Тағы, автокөлікке арналған заттарды берсеңіз нұр үстіне нұр.

Рустам Темиров – сатушы:

– Автокөлікке арналған жабдықтардың түрі көп. Мәселен, орындыққа арналған қысқы, жылы қап, аудиогарнитуралар мен машинаға ілетін иіссу. Бұл – ер азаматтар үшін жақсы сыйлық. Олар мұны қуана қабыл алады.

Мерекеде бағалы сыйлардан бөлек, ұсақ-түйек заттарды да ұмытпаған жөн. Оларды кез келген жастағы адамдарға берсеңіз болады. Мұндай дүниелер жақындарыңыздың, әріптестеріңіз бен достарыңыздың көңілінен шығары сөзсіз. Қала тұрғындары Жаңа жылға қалай дайындалып жатыр? Оны өздерінен сұрап білдік.

– Мен Шымкенттен боламын. Осында “Серпін” бағдарламасы бойынша оқып жатырмын. Алдағы Жаңа жыл мерекесіне орай жақындарыма сыйлық алып қойдым. Сіңіліме өзі ұнататын ойыншықтары мен жейде алдым. Ал әжеме мойынорағыш алдым.

– Жалақым бүгін түседі. Қазір отбасым мен жақындарыма сыйлық іздеп жүрмін. Өзіме де бұрыннан армандап жүрген затымды алғым келеді. Ақшам қолыма түскен соң, су жаңа құлаққап сатып аламын.

– Жұмыстан қолым босамады. Туыстарыма тартуды бүгін іздеп жүрмін. Бауырларыма түрлі ойыншықтар алғым келеді.

Бұл сюжетімізде түрлі сыйлықтармен таныстыруға тырыстық. Осы орайда айта кетейік, мерекеде басты сыйлық – көңіл екенін ұмытпаңыз.

 

 

Бердимурат Баймухан