Спорт

Спортшылардың еңбегі еленді

Жыл аяқталған сәтте спорт саласы үздіктерінің есімдері белгілі болды. 2019-да өңір намысын түрлі бәсекелерде абыроймен қорғап, жүлделі орын иеленген жандардың еңбегі бағаланды. Өткен жұма күні осындай 70-ке жуық жаттықтырушы мен спор саңлақтары марапатталды.

Биыл өңір спортшылары жарады. Жерлестеріміз дүбірлі додаларда облыс намысын қорғап, Қызылжар атын бір асқақтатты. Шарада облыс әкімінің орынбасары Руслан Әлішев жылды қорытындылай келе тұрғындарды Жаңа жылмен құттықтады.

Руслан Әлішев – облыс әкімінің орынбасары:

– Спортшылар, ардагерлер, спорт саласының қызметкерлері. Бүгінгі салтанатты жиналыс Жаңа жыл қарсаңында өтуде. Облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың атынан келе жатқан мерекемен шын жүректен құттықтаймын.

Ендігі кезек марапаттау рәсіміне келіп жетті. Алдымен жаттықтырушыларға -ел Президентінің Құрмет грамотасы, ал спортшыларға облыс әкімінің алғыс хаты табысталды. Кейін дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Руслан Есеналин бірқатар бапкер мен сайыстарда жүлделі орын алған жастарды марапаттады. Осы орайда ұлттық ойынымыздың жаңғыруына ерекше үлес қосып жүрген Рамазан Махатовтың есімі аталды. Азаматқа “Құрметті спорт қызметкері” төсбелгісі табыс етілді.

Рамазан Махатов – көкпардан облыстың аға жаттықтырушысы:

– Көкпарға келетін болсақ, кейінгі 2 жылда жақсы нәтиже көрсетудеміз. Алдыңғы жылдары 14-15 құрамадан соңғы орындар алып жүрсек, бүгінде нәтиже жақсарған.

Шарада 8-ші желтоқсанда солтүстікқазақстандықтарды жеңісімен бір қуантқан палуандарымыз да назардан тыс қалмады. Алматыда өткен конфедерация кубогінде айды аспанға шығарған “Қызылжар арландары” да марапатталды.

Мұхит Тұрсынов – қазақ күресінен “Қызылжар арландары” спорт клубының өкілі:

– Осы жеңіс – біріншіден, еңбектің арқасы. Екінші, қолдаудың нәтижесі. Өйткені, жарысқа дайындық пен қатысудың өзі көптеген қаражатты талап етеді.

Жалпы, жиында өңірдің спорт саласының дамуына зор үлес қосып жүрген 70-ке жуық бапкер мен спорт саңлақтарының еңбегі еленді.

Актолкын Солтанханкызы