Аптадағы маңызды жаңалықтар

Петропавлда жатақхана құрылысы бастау алды

Петропавлда жаңа жатақхананың құрылысы бастау алды. Онда жергілікті университет студенттері тұратын болады. Абылай хан резиденциясы маңындағы нысанды қаланың қалталы азаматы мемлекеттік-жеке меншік әріптестік аясында салмақшы. Жоспар бойынша студенттер үйі келер оқу жылының басына дейін тапсырылады. Мұндағы мақсат – білім алушылар үшін тұрғынжай тапшылығын сәл болса да қысқарту. Жатақхана 306 орынға шақталған, алайда қажеттілік бұдан 5 есеге көп.

Саят Ермек – тілші:

-Жатақхана жайы жергілікті университетте өзекті тұрғалы қай заман?! Қазір мұнда 7200-ге жуық студент білім алады. Олардың жартысынан көбіне сол жатақхана керек. Алайда, 1,5 мыңға жуығы тұрғынжаймен қамтамасыз етілмей отыр. Олар пәлен мыңға пәтер жалдап, туыстарын паналауға мәжбүр.

Ал туысқаның болмаса ше? Ойланып көрейікші, Петропавлда 1 бөлмелі пәтерді жалдау кем дегенде 50 мың теңге айына, бұл коммуналдық төлемдерді есептемегенде. 3 адам қосылды дегеннің өзінде 1 айда 20 мың шығару керек. Онсыз да оңып жүрмеген қарапайым студентке бұл – қосымша салмақ. Ал жатақханада тұру қалтаны қақпайды. Мәселеге жергілікті билік те, білім ордасының басшылығы да былтыр жіті назар аудара бастады. Тапшылықты жоюға тырысып-ақ жатыр қазір.

Ербол Исақаев – М.Қозыбаев атындағы СҚМУ ректорының міндетін атқарушы:

– Менің артымдағы мына ғимарат ұзақ жылдар бойы қаңырап тұрды. Инвестор табылып, биыл қаңтарда оны жөндеп, жатақхана қылды. Қазір мұнда 280 студент тұрады. Әрқайсысы үшін оқу ордасы 15 мың теңге төлейді.

Десе де, бөлмелерін асыға күтіп жүрген студенттер көп әлі. 306-сы келер қыркүйекте қамтылмақ. Петропавлда жаңа жатақхананың құрылысы басталды. Ол тамызда тапсырылады.

Денис Бернат, конецформыначалоформы”СевХимАгро” ЖШС құрылтайшысы:

– Екі бөлмелі шағын пәтер сияқты жасаймыз. Жатақханада 102 бөлме болса, әрқайсысында 3 студенттен тұратын болады. Әр 2 бөлмеге 1 әжетхана мен душ кабинасы қарастырылады. Спортзал мен оқу залын да жасап береміз.

Исақаев мырза сұхбатында айтқан инвестор, міне – Денис Бернат. Екінші жатақхананы тұрғызуға ол 750 млн шығындамақшы. Ал жұмсаған ақшасын Білім және ғылым министрлігі оған 8 жыл ішінде қайтарады. Дегенмен, нысан оның меншігінде қала бермек. Ал су, жылу сынды коммуналдық төлемдер студенттер есебінен өтеледі. Сонда олар айына қанша төлейді деген заңды сауал туындайды.

Ербол Исақаев – М.Қозыбаев атындағы СҚМУ ректорының міндетін атқарушы:

– Қазір мұны дөп басып айту қиын. Нақты сома кейінірек белгілі болады. Бірақ, қазір студенттеріміз оқу формасына қарай айына 10 мың теңгеден артық төлемейді. Бағаны осының маңайында ұстап қалуға тырысамыз.

Жаңа жатақхананың арқасында студенттерді тұрғынжаймен қамту деңгейі 67 процентке жетпек. Ал қалғандары ше? Көрсеткіш қашан 100 пайызға жетпек?

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Шақыру үшін біраз жеңілдіктер шешілу керек. Тиісті жұмыстар жүргізіп жатырмыз. 100 процентке жеткізу үшін 4-5 жатақхана салу керек. Жобаларымыз дайын, жеріміз дайын, салуға дайынбыз, бірақ инветорлар керек.

Ал әзірге, барға қанағат. Инвесторлар студенттер үйлерін салуға қызығушылық танытып жатса, жатақхана тапшылығын алдағы бірнеше жылда жою жоспарда. Бәрі, былайша айтқанда, уақыттың еншісінде.

 

 

 

Саят Ермек