МТРА жаңалықтары

Облыс әкімінің орынбасары Дәурен Жандарбек есеп берді

Жылма-жыл өндіріске тартылатын инвестиция көлемі артып келеді. Алайда, биыл салада айтарлықтай даму байқалмады. Көрсеткіш әлі де сол қалпында тұр деуге болады. Бұл жайында журналистермен жүздескен облыс әкімінің орынбасары Дәурен Жандарбек мәлімдеді.

252 млрд теңге. Бұл -жыл басынан өнеркәсіп саласында шығарылған тауарлардың жалпы құны. Ауыз толтырып айтарлықтай сома болып көрінгенімен, өсім бар-жоғы 1 пайызды құрайды. Азық-түлік өндірісі – 13, ал жеңіл өнеркәсіп 31 процентке жоғарылаған. Көрсеткішті бір мезетте төмендеткен сала – машина жасау. Айта-айта жыр болған ЗИКСТО мен Петропавл ауыр машина жасау зауыты өсуі тиіс деңгейді құлдыратты. 2020 жылы ол түбегейлі өзгереді деген үміт бар. Жер қойнауын пайдалану саласындағы жағдай бөлек. Біз үшін ұзақ уақыт бойы таңсық дүние болған бағыт қазір дамып келеді.

Дәурен Жандарбек – СҚО әкімінің орынбасары:

– Өкінішке қарай, бұл бағытқа өндіріс саласының тек 1,5 пайызы тиесілі. Дегенмен, биыл жер қойнауын пайдалануға 1 жарым млрд теңге көлемінде инвестиция тартылды. Бюджетке түсетін салық көлемі де артып келеді. Қазір Сырымбет жерінде қазба жұмыстары жүргізілуде. Келесі жылы инвесторлар зауыттың құрылысын бастайды деп отырмыз.

Сырымбет қалайы кен орны жер қойнауын пайдалану бағытына жаңа серпіліс беріп отыр. Қазір 5 бірдей компания өңірімізде мыс, алтын сынды байлықтарды іздеуге кіріскен. Аймақ үшін ең ірі әрі бірегей жобалардың бірі -сөзсіз «Qyzyljar» арнайы экономикалық аймағы. 3 мың жаңа жұмыс орны, 160 млрд теңге инвестиция мен 1,6 трлн теңгенің өнімі. Бүгінде шаһарда өз кәсіпорындарын іске қосуға ниеттілердің саны аз емес. Әзірге, тек үшеуінің атау белгілі. Ол баршамызға мәлім – «Alageum electric», «Class», «YDA Holding». Ал аумағы 160 гектар болатын аумақта азық-түлік, электр құрылғылары, жиһаз шығарылып, машина жасалмақ. Алдағы уақытта құрылыс саласының проблемалары да шешілмек.

Дәурен Жандарбек – СҚО әкімінің орынбасары:

– Бүгінде өңірде тұрғызылған баспаналардың құны жоғары. Себебі, құрылыс материалдарын өзге аймақтардан әкелу қымбатқа түседі. Өзіміздің кірпішіміз де жоқ. Келесі жылы аталған материалды шығаратын зауыттың құрылысын бастамақпыз.

Сөз соңында Дәурен Жандарбек туризм саласына тоқталды. Мұндағы айтарлықтай жетістік – Имантау-Шалқар курорттық зонасы еліміздегі үздік ондыққа енді. Нәтижесінде демалыс аймағының әлеуетін арттыруға 23 млрд теңге қаржы бағытталған. Бұған жолдар жөнделіп, инфрақұрылымы жақсармақ.

Эльмира Садвокасова