ТЖ

Метан тіркелген жүк көлігі аударылып қалды

Метан тіркелген жүк көлігі аударылып қалды. Оқыс жағдай жексенбі күні Челябі-Новосібір тас жолында, облыс орталығынан 20 шақырым жерде орын алды.

Белгілі болғандай көлік жүргізушісі Екатеринбургтен Нұр-Сұлтан қаласына 17 тонна табиғи газ тасымалдап бара жатқан. Жолда жүргізуші темір тұлпарды басқара алмай қалып, трассадан шығып кетіпті. Абырой болғанда рөлдегі адам аман сау. Тек аздап жарақат алған. Құтқарушылардың айтуынша табиғи газ құйылған цистерна тесілмеген екен. Әйтпесе, үлкен жарылыс болушы еді дейді. Қазіргі күні мамандар көлікті эвакуациялауға дайындап жатыр.

Баян Байғаскина – СҚО ПД ЖПҚ басқармасының инспекторы:

– Аталған жол-көлік оқиғасы нәтижесінде жүргізуші шамалы зақым алды. Оған ауруханада тиісті көмек көрсетілгеннен кейін үйіне жіберілді.

Ешкенова Дана