ТЖ

Жаңа құтқару техникалары аудандарға жөнелтілді

Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің көлік паркінде 150-ге жуық техника бар. Биыл олардың қатары тағы 14 машинамен толыққан болатын. Бүгін су жаңа 10 көлік өңірдің 4 ауданына жөнелтілді.

7 өрт сөндіру машинасы, вахталық автокөлік, “Нива-Марш” пен бір “Трэкол”. Бұл су жаңа техникалар төтенше жағдайлар департаментінің көлік паркіне биыл қосылған болатын. Сәлден соң олар Тайынша, Ғабит Мүсірепов, Мағжан Жұмабаев және Тимирязев аудандарына жөнелтіледі.

Николай Белоусов – СҚО ТЖД өрт сөндіру және апаттық-құтқару жұмыстары қызметі бастығының орынбасары:

– Үстіміздегі жылы республикалық және жергілікті бюджет қаражатынан 14 жаңа техника сатып алынды. Олар – өрт сөндіру машиналары мен өтімділігі жоғары құтқару көліктері. Бүгін біз техникаларды төтенше жағдай қаупі басым және қар көп тұрып қалатын аймақтары бар аудандарға жібереміз.

Жыл басынан бері төтенше жағдайлар департаментінің мамандары 50-ден аса апаттық-құтқару жұмысын жүргізіпті. Яғни, тұрғындарды қар мен су құрсауынан қауіпсіз жерге шығарған. Ондай кезде өтімділігі жоғары техникаң болмаса тіптен қиын. Ал мына «Трэкол» деп аталатын көлік жол талғамайды. Ол терең су мен батпақтан да еш қиындықсыз өтеді.

Нұрсұлтан Елеусізов – Ғ.Мүсірепов аудандық №16 өрт сөндіру бөлімінің бастығы:

– Бүгін біздің ауданымыздың өрт сөндіру бөліміне «Трэкол» базасындағы жол талғамайтын көлік бөлінді. Машина тұрғындарды эвакуациялауға арналған. Яғни, қар құрсауында қалған және көктемде тасқыннан зардап шеккен адамдарды тасымалдайды. Сондай-ақ, бұл көлік көршілес аудандарға да шығатын болады.

Тапсырма берілгеннен соң барлық жүргізушілер көлікке отырып, өз аудандарына қарай жол тартты. Енді, осы техникалардың көмегімен құтқару жұмыстарын жүргізу біршама жеңілдей түспек дейді мамандар.

 

 

 

Бердимурат Баймухан