Тайынша ауданының әкімі есеп берді

МТРА жаңалықтары, Қоғам

21:53 27 Желтоксан 2019

2019 жылы атқарған шаруасын 13-ші болып Тайынша ауданының басшысы Иван Турков баяндады. 12 айдың ішінде бұл өлкедегі өзгерістер көңіл көншітерлік. Тек жол сапасы, биоэтанол өндірісі мен Вишневка орта мектебінің жағдайына байланысты мәселелер ашық күйінде қалып отыр. Еске сала кетейік, білім ошағы – апаттық жағдайда. Балалар өзге ауылдағы оқу ұясына баруға мәжбүр.

Өңіріміздегі алдыңғы қатарлы 3 бірдей кәсіпорын Тайынша ауданында орналасқан. Алдағы бірнеше жылда “EMC-Agro” ет комбинаты толық қуатта жұмыс істемек. Өндіріс ошағы 6 жыл тұралағаннан кейін қайта ашылған еді. “Bio Operations” зауыты да жақсы дамып жатыр. 2019 жылы мұнда кілегей мен крахмал шығаратын цехтың екінші желісі іске қосылды. Жылдың соңында биоэтанол өндірісі қолға алынбақ еді, алайда туындаған мәселелерге байланысты істі кейінге қалдыруға тура келген.

Иван Турков, Тайынша ауданының әкімі:

-Қондырғылардың бір бөлігі ауыстырылуда. Себебі, аппараттардың барлығы бірдей жұмыс істеуге қауіпсіз емес. Қазіргі талапқа сай заманауи технологиялар 2020 жылдың бірінші тоқсанында әкелінеді.

Тайынша ауданында бірнеше жыл қатарынан соя егіліп келеді. Үстіміздегі жылы арнайы жоба аясында дақылдың алқабы 10 гектарға дейін ұлғайтылды.

Иван Турков, Тайынша ауданының әкімі:

-“Солтүстік соясы” жобасы өнімнің нарықтағы бағасы жоғары болғандықтан өте тиімді. Биылға өнімнен біраз тұқым алып қалдық. Келесі жылы алқаптардың көлемін кеңейтеміз. Қанша болатынын, әзірге, айта алмаймын. Жалпы, кейбір шаруашылықтар 1 гектардан 2 мың тоннаға дейін астық жинады.

Өкінішке қарай, аудандағы аграрийлер алқаптардың барлығын бірдей тиімді қолданады деп айтуға келмес. Тайыншада жыл басынан 20-дан аса агроқұрылым әкімшілік жауапкершілікке тартылыпты. 10 келісім шартты шаруалар қателігін бірден мойындап бұзған екен. Ал кейбірі өз еркімен бас тартқылары келмеген көрінеді. Арамшөп басқан алқаптардың мәселесі шешіліп жатса, жолдың проблемасы – баяғыша ашық күйінде. Қалыпқа келтіруге миллиардтаған қаржы керек. Қаражаттың бір бөлігі биыл игеріліпті.

Иван Турков, Тайынша ауданының әкімі:

-Биылғы 10 айдың ішінде 80 шақырым асфальт жөнделді. Бұл мақсатқа 2,3 млрд теңге бөлінді. Соның ішінде аудандық маңызы бар жолдарды қалыпқа келтіру үшін республикалық бюджеттен 1,4 мрд теңге бағытталды. “Өңірлерді дамыту” бағдарламасы аясында 4 елді мекенде ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді.

52 мектеп бар. 7-еуінде интернат жұмыс істейді. 250 оқушыны күнделікті білім ошағына апарып-әкелетін автобус қарастырылған. Инклюзивтік білім беруге қатысты да тиісті жағдай жасалған.

Иван Турков, Тайынша ауданының әкімі:

-Инклюзивтік білімді дамыту үшін ауданда психологиялық-педагогикалық түзету кабинеті жұмыс істейді. Логопед жұмыс істейтін 6 орын бар. 2019 жылы Тайынша қаласындағы №4 орта мектепте инклюзивтік білімді қолдауға арналған сынып ашылды.

Иван Турковтың баяндамасында білім саласына ерекше көңіл бөлінген. Алайда, бір маңызды жайтты жазып, оны журналистерге айтуды атқамінер ұмытып кеткен көрінеді. Қазір Вишневка орта мектебі – апаттық жағдайда. Білім ошағының орнын жаңа нысан басуы тиіс. Алайда, құрылысына кім жауапты, шаруа қашан басталып, оқу ұясы қашан халық игілігіне тапсырылатыны белгісіз.

Култанов Байболат

Бұдан әрі оқыңыз

Қызылжар ауданының әкімі есеп берді
Ауған соғысы ардагерлерін ұлықтау
“Көкейкесті” бағдарламасы 24.01.20
Пресновкада мемлекеттік бағдарлама аясында ашылған фитнес-клуб жұмыс істеуде
Жемқорлық жайлы хабарлаған азаматқа ақшалай сыйақы беріледі
ҚР ҰҰ 6637 әскери бөлімінде 180-ге жуық сарбаз ант қабылдады
СҚО – көшбасшы өңірлердің қатарында
Оқушылар сарайында өсірілген балықтар мейрамханаға жіберілді
Пікір жазам деп басы дауға қалды
Кеңес әскерлерінің Ауған жерінен шығарылғанына – 31 жыл
Өнерлі жастар халықаралық байқаудан жүлдемен оралды
Заңдағы олқы тұстар талқыланды