Қоғам

Петропавлда мемлекеттік қызметтер жәрмеңкесі өтті

Мемлекеттік орган мамандары, банк және халыққа қызмет көрсету орталығының өкілдері. Қаланың жер-жерінде орналасқан мекеме мамандары кәсіптік-педагогикалық колледжінде бас қосты. Олар Борки мен Новопавловка кенттерінің тұрғындарын қабылдап, қойылған сұрақтарға жауап берді.

Мұнда мемлекеттік қызметтер жәрмеңкесі өтуде. Кәсіптік-педагогикалық колледжінің акт залына келгендердің саны аз емес. Олардың дені – Борки мен Новопавловка кенттерінің тұрғындары. Барлығын толғандыратын сұрақ әр түрлі. Бірі – жұмыс, екіншілері баспана жайын сұрай келген.

Юрий Данилов, СҚ кәсіптік-педагогикалық колледжі директорының орынбасары:

– Жастарды білім саласындағы өзгерістер алаңдатады. Сол себепті, бүгін олар жәрмеңкеге белсенді қатысып, мамандарға сұрақтарын жаудырды. Шәкіртақы туралы да мәлімет берілді. Баспана жайын сұрастырған студенттерге де тұшымды жауап айтылды.

Іс-шараға мемлекеттік органдар, бірнеше банк пен халыққа қызмет көрсету орталығының өкілдері қатысып жатыр. Олар тұрғындарды таңғы сағат 11-ден түске дейін қабылдап, көптеген сауалдарға жауап беруде.

Әсел Әубәкірова – ҚР Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттігі СҚО бойынша департаменті басқармасының бас маманы:

– Петропавлда мемлекеттік қызмет көрсету жәрмеңкесі осымен 60-шы рет өткізіліп жатыр. Мұнда мамандар тұрғындардың сұрақтары бойынша консультация береді. Оған қоса халыққа электрондық үкімет порталы таныстырылады. Оның арқасында тұрғындар тиісті мекемелерге бармай-ақ толғандырған сұрақтарын үйлерінде қоя алады. Ол үшін порталға тіркелу қажет.

Жалпы, іс-шараға 150-ден астам азамат келіп, өздерін толғандырған сұрақтарын қойды. Солтүстікқазақстандықтарды көбіне әлеуметтік көмек алу, тұрғын үй құжатын рәсімдеу және білім мен медицина салаларына қатысты мәселелер қызықтырған. Айта кетейік, мемлекеттік қызметтер жәрмеңкесі Петропавлда әр тоқсан сайын ұйымдастырылады.

 

 

Ешкенова Дана