МТРА жаңалықтарыҚоғам

Президенттік жастар кадрлық резервіне 9 солтүстікқазақстандық өтті

Кеше Президенттік жастар кадрлық резервін жасақтау аяқталған болатын. Жобаға қатысуға ниет білдіргендердің саны 13 мыңнан асқан. Дегенмен, 300-і ғана ақтық сыннан сүрінбей өтті. Олардың тізімі конурстық сайтта ресми түрде жарияланды. Жаңа форматтағы болашақ басқарушылардың арасында 9 солтүстікқазақстандықтың есімі бар.

Президенттік жастар кадрлық резерві. Бұл жобаның басты мақсаты – жастар арасынан мемлекеттік басқару жүйесі, бизнес пен қоғамдық қызмет үшін заманауи және тиімді басқарушылардың жаңа тобын құру. Осы орайда қыркүйек айында бастау алған жобаға елміз бойынша мықты дейтін жастар қатысып, бақтарын сынап көрді. Қатысушыларға қойылған талап қарапайым. Жасы 35-тен аспаған, жоғары білімі және кем дегенде 5 жылдық еңбек өтілі болуы керек. Дәл осы көрсеткіштерге солтүстікқазақстандық белсенді Асқар Баймұқанов сай келді. Ол 6 жыл бойы “Жасыл ел” штабының қатарында еңбек етіп келеді. Қазір облыстық студенттік жасақтың жетекшісі болып қызмет атқарады.

Асқар Баймұқанов – “Жасыл ел” еңбек жасағы облыстық штабының жетекшісі:

– Президенттік жастар кадр резерві – еліміздің жастарына үлкен мүмкіндік. Бұл – жаңа бастамалардың, жаңа жоспарлардың бастауы. Мен бар күшімді салып өз еліме қызмет жасауға дайынмын. Енді алдағы уақытта білімімді жетілдірмекпін.

“Сен тұр, мен атайын” деген мықтылардың арасында жерлесіміз Арман Дюсенбинов те бар. 30 жастағы азамат бұл жоба туралы жаз айында естіген екен. Кейін қатысып көруге бел буыпты. Осылайша қойылған талаптарды мүлт еткізбей орындап, 6 кезеңнен сүрінбей өткен екен. Ал кеше жас жігіт конкурстың сайтына кіріп, өзінің есімін үздіктердің қатарынан көрген.

Арман Дюсенбинов – Аққайың ауданы әкімі аппараты ұйымдастыру-құрылымдық бөлімінің басшысы:

– Іріктеу кезеңдерінің көбі онлайн түрде өткен болатын. Тек соңғы кезең еліміздің бас қаласында өтті. Барлығынан сәтті өттім. Президенттік жастар кадр резерві – мен үшін үлкен мүмкіндік.

Айта кетейік, жобаға қатысуға 13 мыңнан астам қазақстандық ниет білдірген екен. Іріктеу кезеңінен олардың тек 300-і ғана өткен. Үздіктердің қатарында 9 бірдей жерлесіміз бар.

Дана  Ешкенова