Қоғам

Полудин балалар үйінің тәрбиеленушілеріне сыйлықтар табысталды

Шарапаты мол шара! Жаңа жыл – ғажайыпқа толы мереке. Қуаныш пен үміт сыйлайтын Жаңа жылды балақайлар асыға күтеді. Осы орайда “Nur Otan” партиясының облыстық филиалының өкілдері Полудин балалар үйінің бүлдіршіндеріне арнап іс-шара ұйымдастырды. Жүздері шаттыққа толы балғындар ертегі әлеміне еніп, сүйікті кейіпкерлерімен ән айтып, би биледі.

Жаңа жылды, әсіресе, балалар асыға күтеді. Бұны мына кадрлардан да байқауға болады. Полудин балалар үйінің тәрбиеленушілері мереке кейіпкерлері – Аяз ата мен Ақшақарды зор қуанышпен, тіпті, есік алдына шығып қарсы алды.

Міне, ұл-қыздардың көптен күткен жаңажылдық кеші де басталып кетті. Аяз ата мен Ақшақар балақайларға қойылым қойып, түрлі конкурстар өткізді. Жеткіншектер шара барысында жасыл шыршаны айнала ән салып, би биледі.

Гүлнәр Халықова – “Nur Otan” партиясы СҚОФ бөлім меңгерушісі:

– “Біздің акциямыз “Аяз ата болу оңай” деп аталады. Мақсаты – балаларға қуаныш сыйлау. Балғындарға сыйлықтар да қарастырылған. Ұл-қыздар Аяз атаға хат жазған болатын. Онда әр бала өзінің арман-тілегін білдірді. Хаттардың барлығы оқылды. Соған орай базарлықтар әзірленді. Айта кетейін, біздің бастамаға солтүстікқазақстандық жомарт жандар да қатысты.

Балалардың бірі – ойыншық, бірі – смартфон, енді бірі ерекше әдемі киім сұраған болатын. Ал Роман Белкин болса өз хатында қолсағат қалайтынын жазған екен.

Роман Белкин – Полудин балалар үйінің тәрбиеленушісі, М.Жұмабаев ауданы:

– Мен Аяз атаға жылда хат жазамын. Тілектерімді орындап келеді. Оған алғысым шексіз.

Жалпы, Полудин балалар үйінде 40 тәрбиеленуші бар. Ең кішісі 4-те ғана. Ал үлкендері 8-сыныпта оқиды.

Даниил Ващенко – Полудин балалар үйінің тәрбиеленушісі:

– Мен Аяз атаның барына сенбесем де хат жолдадым. Маған кроссовки керек екенін жаздым. Тілегім орындалды. Жалпы, біз үшін осындай керемет шараны ұйымдастырған жандарға алғысымды білдіремін. Бұл мерекені жылда асыға күтеміз.

Мәз-мейрам болысқан балалар өз кезегінде алыстан келген қонақтарға алғыстарын жаудырып, өнерлерін паш етті.

Дана  Ешкенова