БалаларҚоғам

Өңірде Жастар жылы қорытындыланды

Жергілікті атқарушы билік өкілдері жастарды енжар болмай, идеяларын ашық айтуға шақырды. Бүгін Солтүстік Қазақстан облысында Жастар жылы ресми түрде жабылып, Еріктілер жылы бастау алды. Петропавлда осыған орай ауқымды форум өтті. Бір жыл ішінде өлкеде жас бизнесмендердің саны артып, жастар арасындағы жұмыссыздық қысқарған.

Жастар форумы осылай “жастарша” басталды. Диджей әндерді бірінен соң бірін қосып жатқанда, өзгелері жетістіктер көрмесін тамашалап әлек. Форумға келген белсенді жастардың көптігі сонша облыстық кітапхананың шағын залына бәрі сыймады. БАҚ өкілдері мен ұйымдастырушылар спикерлерді тік тұрып тыңдады. “Жастар жылы” – Солтүстік Қазақстан облысында ол қалай өтті, немен есте қалды, нендей өзгерістер әкелді?

Саят Ермек – тілші:

– СҚО-да жас бизнесмендердің қатары артуда. Бұл өткелі жатқан жастар жылының ең маңызды жетістіктерінің бірі десек, артық айтпаспыз. Мәселен, қазір өлкеде 2,5 мыңға жуық жас кәсіпкер бар екен. Олардың 500-ге жуығы істерін биыл ашыпты.

“Мұның бәрі мемлекеттік қолдаудың арқасы” дейді мінберден сөз алып, табысы жайлы баяндағандар. 11 ай ішінде 400-ге жуық адам “Жас кәсіпкер” жобасының аясында грант алып, бизнестерін бастаған. 500-ге тарта жас маман биыл “Дипломмен ауылға” бағдарламасы бойынша елді мекендерге қызметке орналасқан. Бір гәп, жастардың арасында бұл бағдарламада қарастырылған көтермеақыны ала алмай жүргендер де жоқ емес екен.

Ирина Тухватулина – СҚО жастар саясаты мәселесі жөніндегі басқармасының басшысы:

– Ауылдарда кадрлық дефицит әлі де байқалады, 800 бос жұмыс орны бар. Ал елді мекенге келген жас мамандарды қабылдауға кей аудандардың бюджеттері дайын болмай шықты. 252 мың теңгенің көтермеақысын әлі алмағандар бар, оларға қаражат келесі жылы міндетті түрде төленеді.

Сондай-ақ, облыс жастарының жұмыссыздық деңгейі 2,7 пайызды құраған. Мәселелердің бәрін шешуге болады, тек ауызға құм құйып алып отырмау керек дейді облыс әкімінің орынбасары Руслан Әлішев. Сөзінше, “Жастар жылы” тек күнтізбе бойынша ғана аяқталды, ал негізінде қолдау жалғаспақ. Атқарушы билік жастардың ұсыныстары мен бұйымтайларына ашық.

Руслан Әлішев – СҚО әкімінің орынбасары:

– Әлеуметтік желі болсын, жеке кездесу болсын – идеяларыңызды кез келген әдіспен жеткізе аласыздар. Біз барлық ұсыныстарды жинап, тікелей облыс әкіміне тапсырамыз, шешімдерді қабылдаймыз. Жастардың пікірі біз үшін маңызды.

Ал 2020-ны Президент “Еріктілер жылы” деп жариялады. Ерікті болу – өз уақытын аямай, өзгелерге көмектесу, қоғамды ілгері тарту. Отандық жастар осыған ұмтылуы тиіс. Мойындау керек, волонтерлік қозғалыс елде аса дамымаған, ал СҚО-да олардың саны 300-ден аспайды, бірақ келер жыл жағдайды өзгертуі керек. Жастардың көпшілігі еріктілікті тегін жұмыс деп санайды. Бірақ, бұл олай емес.

Мемлекет келер жылы волонтерік проектілерге кеңінен қолдау білдіреміз деп отыр. Бастама теріскейлік жастарда қазірдің өзінде бар. Жергілікті университетте оқитын бір топ болашақ дәрігер өлкеде медициналық еріктілікті дамытпақ ниетте. Қыкүйекте олар жаңа жобаны қолға алған. Жастар қала қарттарының үйлеріне барып, қан қысымын өлшейді, кеңестерін береді.

Билік көмектессе, Рүстем Арманов медициналық еріктілердің санын келер жылы біршама арттырмақ ниетте, ал қазір олардың саны 10 шақты ғана.

Жоғарыда айтқандай форум “жастарша” өтті. Битбокс орындалды, әндер шырқалды. Ал шара шымылдығында 2019-дың үздік еріктілері мен “Жастар жылын” жүзеге асыруға үлес қосқандар марапат алды.

Саят Ермек