МТРА жаңалықтары

Бескөл ауылындағы қос қабатты үйлер орталық жылыту желісіне қосылуда

Бескөл ауылында қосымша жылу желілерін тарту үшін биыл республикалық бюджеттен 130 млн теңге бөлінген. Қазіргі күні сол қаражат аясында “Мирас” балабақшасы мен 2 тұрғын үй орталық жылыту қазандығына қосылды. Бүгінде тағы 10 баспана кезекте тұр.

Бұл – Ульянов көшесінің бойында орналасқан 23-ші үй. Мұндағы тұрғындар былтыр орталық жылыту желісіне алғаш болып қосылған. 87 жастағы Нина Дурованың отбасы 2018-ге дейін 20 жыл бойы пеш жағып біраз қиындық көрген екен. Үй іші суық, отынға да көп шығындалыпты.

Нина Дурова – Бескөл ауылының тұрғыны, Қызылжар ауданы:

– Біз 20 жыл бойы отын жақтық. Үйдегі температура ең көп дегенде +17 градусқа дейін көтерілетін. Суық болды. Қабырғалар дымқыл тарттып кетті. Электр жылытқыштарын пайдаландық. Отынға жұмсаған қаражат пен коммуналдық төлемдерді қоса есептей келгенде шығын көп кетті. Былтыр орталықтандырылған жүйеге қосылғаннан кейін бойымыз жылып, жанымыз тынышталды.

Бескөл ауылында 90-ға жуық 2 қабатты үй бар. Оның дені орталық жылыту қазандығына қосылмаған. Мәселе біртіндеп шешіліп келеді. Жақында қосқабатты баспаналардың 6-уы орталық жүйеге қосылды.

Ербол БАГЕНОВ – Бескөл ауылдық округінің әкімі, Қызылжар ауданы:

– 90-шы жылдардан бері жылу, су болмай бұл үйлердің барлығы тоқтап қалған. Былтырдан бері 2 қабатты үйлер қосылып жатыр. Биылғы жылы облыс әкімінің қолдауымен 1200 метр жылу желілері тартылды.

Нысандарды жылумен ауылда орналасқан орталық қазандық қамтамасыз етеді. Ол өз жұмысын 2017 жылы бастаған. 3 жылдың ішінде қазандыққа 3 мектеп, 1 балабақша мен 9 үй қосылыпты. Ай сайын төленетін коммуналдық төлем қалта қақпайды. Мәселен, 1 шаршы метр үшін 88 теңге. Яғни, адамның 100 шаршы метр үйі болса, ай сайын 8800 теңге төлейді.

Қайырбек НҰРАЛИН – «Қызылжар-ТҮКШ» ЖШС директоры, Қызылжар ауданы:

– Биыл 20-дан астам жеке меншік және үкіметтік ұйымдар қосылды. Күніне 20 тонна көмір кетеді. Қазір бізде 1 айлық әкелген көмірлеріміз бар. Майкүбі, Шұбаркөл мен Богатырь.

2021 жылға дейін Бескөл ауылында орталықтандырылған жылыту жүйесіне екі қабатты үйлердің 30 пайызы қосылмақ.

Бердімұрат Баймұқан