ҚоғамКөлік және жолдар

101-ші бағытта автобус жетіспейді

Бүгінде Петропавл мен Бескөлдің арасында, яғни 101-ші бағыт бойынша жүретін 9 қоғамдық көлік бар. Бірақ, оның өзі жетіспей жатыр. Автобустардың аралығы аз емес, бақандай 20 минут. Қақаған аязда бұл аялдамада тұрған адамдарға қиынға соғатыны айтпаса да түсінікті. 

Қаладан шығатын 101 бағытындағы қоғамдық көліктің қозғалысы сапаржайдан басталады. Автобус бір-екі аялдамадан кейін адамдарға лық толады. Күнде таңертең бірі – жұмысына, бірі мектеп-балабақшаға асығатын жұрттың қалай да болсын ішке кіріп, қыстырылысып тұруына тура келеді.

– Таңертең болсын, кешке болсын жұмыстан шықанда автобусқа сыймай қаламыз. Есіктен қыстырылып, кейде аяқ-қолдарымыз қалып қалған кездер болған.

– Қалаға жиі қатынаймын. Өйткені, ауруханаға бару керек. Студенттер мен жұмыс істейтін азаматттар көп, Сол себепті, осы бағыттағы маршрутқа автобус қосса жақсы болар еді.

Негізі, бүгінде 101-ші бағытта қатынайтын 9 автобус бар екен. Оның 5-уі кең әрі жайлы. Аталған қоғамдық көліктер қалада – 20, ал Бескөлде 14 аялдамаға тоқтайды.

Галина Семёнова – “СҚО Автокөлік одағы” қауымдастығының төрайымы:

– Автобустардың арасы 20 минуттан. Жексенбі күні жолаушыларды 7 қоғамдық көлік тасымалдайды. Бұл ретте жетіспеушілік бар екенін растаймыз. Сол себепті, қарбалас сәтте үлкенірек автобустар шығады. Негізі, жаңаларының сыйымдылығы – 76, ал кішілерінікі – шамамен 40 орын.

101-ші бағыттағы қоғамдық көлік қызметіне сұраныс аса жоғары, бірақ автобустың өзі аздық етеді. Мәселе қашан шешілмек? Бұл сұрақтың жауабын осыдан бір апта бұрын Қызылжар ауданының әкімі Жанат Сәдуақасов өз есебінде айтқан болатын. Атқамінер журналистерді түйткіл жуық арада тарқатылады деп сендірген еді.

Жанат Сәдуақасов, Қызылжар ауданының әкімі:

– Келер жылы “Ауыл – ел бесігі” жобасы аясында 800 млн теңгеге Бескөлдегі ішкі жолдардың 22 шақырымы күрделі жөндеу көреді. Соның 10 километрімен 101-ші қоғамдық көлік қатынайды. Осы ретте келесі жылы автобус паркін жаңартуды көздеп отырмыз. Қазір жабдықтаушы компаниямен келіссөздер жүргізіп жатырмыз.

Ал жергілікті “Автокөлік одағы” қауымдастығының төрайымы Галина Семёнованың айтуынша мәселенің бүгін-ертең шешілуі екіталай. Өйткені, аталған бағытта жұмыс істейтін жаңа 5 автобусқа қатысты шығын әлі өтелмепті.

Галина Семёнова – “СҚО Автокөлік одағы” қауымдастығының төрайымы:

– Сыйымдылығы үлкен автобустар қымбат тұрады, бір-біреуінің құны – 260 млн теңге. Қоғамдық көлік жетіспеушілігі тек 101-ші бағыттағы автобусқа ғана емес, өзгелеріне де қатысты.

Сонымен, мәселенің қашан шешілетінін дөп басып айту әзірге мүмкін емес. Нәтижесін уақыт көрсетеді. Тағы бір айта кететін жайт, мамандар келер жылы 101-бағыттағы қоғамдық көлікпен жол жүру құны еш өзгеріске ұшырамайды деп сендірді.

Ақтолқын Солтанханқызы