МТРА жаңалықтарыҚоғам

Биыл 1162 салымшы қоныс тойын тойлады

Бүгін журналистермен Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің жергілікті филиалының және облыстық құрылыс басқармасының өкілдері де жүздесті. Еркін форматта ұйымдастырылған кездесуде спикерлер үстіміздегі жылы атқарған жұмыстарын қорытындылады. Тындырған шаруа ауқымды. Биыл 1200-ге тарта салымшы қоныс тойын тойлапты. Келесі жылы көрсеткішті 3 мыңға жақындату жоспарланып отыр.

Адамда арман көп. Тұрғындардың бірі жер шарын аралауды, екіншісі қымбат көлік сатып алуды қалайды. Ал кейбірі өзімдікі деген баспанаға қол жеткізсем дейді. Соңғысының орындалуына Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі көмектеседі. Бұл қаржы ұйымы 2003 жылы құрылды. Содан бері мыңдаған отандасымызға қуаныш сыйлады.

Алмас Жапабаев – “Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі” АҚ СҚОФ директоры:

– Мемлекеттік бағдарламалар жүзеге аса бастағалы банктің облыстық филиалы арқылы 33 көпқабатты үй халыққа тапсырылды. Яғни, 2329 пәтер тұрғындардың игілігіне берілді. Бұл бағытта жұмыс жалғасады. Салымшыларымыз келесі жылдың 2-ші жартысынан бастап “Нұрлы жер” бағдарламасы бойынша 8 үйден баспана ала алады. Тұрғын жайлар жөндеуді қажет етпейді. Әрі олардың шаршы метрінің құны 140 мың теңгені құрамақ.

Қазіргі таңда банк бірнеше мемлекеттік бағдарлама бойынша жұмыс істеп жатыр. Олардың бағыттары мен шарттары әр түрлі. Мысал ретінде “Бақытты отбасыны” алайық. Аталған жоба үстіміздегі жылы бастау алды. Оның көмегімен көпбалалы, толық емес және мүгедек баласы бар жанұялар баспаналы болады. Биыл бұл бағдарламаның шарапатын жүздеген солтүстікқазақстандық көріпті.

Алмас Жапабаев – “Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі” АҚ СҚОФ директоры:

– “Бақытты отбасы” деп аталатын жаңа бағдарлама арқылы салымшыларымыз 2 пайыздық үстемеақымен несие рәсімдей алады. Бастапқы жарна 10 процентті құрайды. Мұндай жеңілдік елімізде алғаш рет жасалып отыр. Биыл біз “Бақытты отбасы” жобасы бойынша 150 қарыз бердік. Яғни, осынша адам пәтер алды. Жуырда тағы 45 өтініш мақұлданды.

Жақында ел Президенті “Бақытты отбасы” бағдарламасын жүзеге асыруға бағытталған қаржыны 50-ден 100 млрд-қа дейін арттыруды тапсырды. Мұның нәтижесінде келесі жылы қоныс тойын тойлайтын жандардың қатары 2 есеге артады. Мәселен, біздің өңірімізде көрсеткіш 400-ге дейін жетпек. Тағы, “Әскери өнім” деген бағдарлама да бар. Оның көмегімен әскери және мемлекеттік қауіпсіздік қызметінің қызметшілері баспаналы болады.

Алмас Жапабаев – “Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі” АҚ СҚОФ директоры:

– Биыл 1162 салымшы баспаналы болды. Оның 123-і – “Әскери өнім”, 245-і – “Нұрлы жер” және 150-і жоғарыда айтқан “Бақытты отбасы” бағдарламасы арқылы қоныс тойын тойлады. Тағы, қайталама нарықтан да жүздеген пәтер алынды. Берілген қарыздың сомасы 9 млрд теңгені құрайды. Келесі жылы осы қарқыннан таймай көрсеткішті 3 мыңға жақындатуды жоспарлап отырмыз.

Ал осы беріліп жатқан үйлердің сапасы қалай? Банк өкілдері мұны да назарда ұстаймыз дейді. Егер де құрылыс жұмыстары кезінде немесе баспана тапсырылған уақыттан 2 жыл ішінде қандай да бір ағаттық анықталса, мердігер қайта қалыпқа келтіру жұмыстарына кіріседі.

Журналистермен жүздесуге облыстық құрылыс басқармасы басшысының орынбасары Владислав Лукин де келді. Ол келесі жылы да өңірімізде қарқынды жұмыстар жүргізілетіндігін жеткізді. Мақсат – облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың пәрменіне сай тапсырылған баспана санын 2800-ден асыру.

 

 

 

 

 

Култанов Байболат