Қоғам

Балақайлар жаңажылдық кешке қандай костюм кимек?

Қазір мектеп пен балабақшаларда жаңажылдық іс-шаралар өтіп жатыр. Ертеңгілікке әр балақай ерекше киінгісі келеді. Сүйікті кейіпкердің образында болу – бұл бір кішкентай арман. Бала қиялдайды, ата-анасы костюмді әзірлеуге тапсырыс жасайды, ал он саусағынан бал тамған шеберлер оны тігіп береді.

Балақайлар жаңажылдық кеште сүйікті мультфильм немесе ертегі кейіпкері болғысы келеді. Дегенмен, әркімнің талғамы әр түрлі.

– Былтыр қоян кейпіне ендім. Енді осы жолғы ертеңгілікке әтеш бейнесін таңдап отырмын.

– Мен “Галактика сақшылары” фильміндегі жанат болғым келеді. Себебі, ол – өте сүйкімді әрі үнемі көңілді жүреді.

Балалардың қиялы шексіз. Кейіпкерге қарай оның костюмі де күрделі келеді. Арнайы жаңажылдық ертеңгілікке киім әзірлейтін тігінханалар қалада көп емес. Барына / тапсырыстар бірнеше апта бұрын түседі. Тігінші Оксана Жолудеваның айтуынша балалардың көбі ертегі кейіпкерлерін таңдайды екен.

Оксана Жолудева – тігінші:

– Балалар көбінесе жағымды кейіпкер болғысы келеді. Ата-аналар тапсырыс берген кезде тек қандай образды қалайтындарын айтады, ал киім үлгісін өзіміз ойластырамыз. Костюмді тігер кезде әрқайсысына ерекше мән беріп, жұмысымызға жауапкершілікпен қараймыз.

Тапсырыс көп. Оксана Жолудева әріптесі екеуі жаңажылдық киім тігуге тапсырыс қабылдауды қарашаның соңында доғарған. Қазір жұмыстың нағыз қызған шағы. Костюмді тігіп, иесіне уақытында беріп үлгеру керек. Айтуынша, бір киімді әзірлеуге 2-3 күн кетеді екен. Мәселен, мына шырша тәріздес көйлек талғампаз ананың тапсырысы бойынша қолға алынған.

Оксана Жолудева – тігінші:

– Қыздың анасы көйлек бірден көзге түсетін, қайталанбайтындай әрі балаға ыңғайлы болуын қалады. Костюм тігерде атлас матасы мен қарапайым, қолжетімді бұйымдарды қолдандық.

2020 – Тышқан жылы. Сол себепті, мерекелік кеште Жаңа жылдың нышаны болғысы келетін балақайлардың да қарасы қалың.

Любовь Хряпова – сәнгер:

– Бұл – жаңа топтамадан. Арнайы тапсырыспен тігілді. Біз оны өзгелерден ерекше қылып жасауға тырыстық. Атлас пен мамықты қолдандық. Соның бәрін сәтті үйлестіру үшін біраз еңбектендік. Мәселен, бас киімінің өзін жасауға бір күн кетті.

Ал мына теңіз қарақшысы костюміне сурет заманауи тігін машинасы арқылы түсіріліпті. Оның жұмыс механизмі мынадай: қасында тұрған ноутбукте кез келген сурет салынады. Кейін ол тігін машинасымен киімге өрнектеліп басылады. Әр кескінге берілетін уақыт әр түрлі, ол қондырғымен автоматты түрде белгіленеді.

Любовь Хряпова – сәнгер:

– Мына киім үлгісіне алтын түстес жіппен теңіз қарақшысының белгісін тіктік. Қондырғы оны 41 минутта әзірледі. Мұндай әдісті бұрын-соңды қолданбаған едік. Өте тиімді екен әрі костюмді ерекшелендіріп тұрады.

Жаңажылдық ертеңгілік балалық шаққа ғажайып сыр сыйлайды. Ендеше костюмдер де есте қаларлықтай ерекше болуы қажет. Бұл ретте баланың мерекелік киімін тігуде жауапкершілік қана емес, креатив пен өз ісіңе деген махаббат керек дейді шеберлер.

 

Актолкын Солтанханкызы