Халық тарих толқынында

Ауған жеріне Кеңес әскерінің кіргізілгеніне 40 жыл толды

Ауған жеріне Кеңес әскерінің кіргізілгеніне биыл 40 жыл толды. Осы орайда облыс орталығында интернационалист-жауынгерлерді еске алуға арналған іс-шара өтті.

Ауған соғысына 1979 жылдан бастап 10 жылдың аралығында өңірден мың жарымға жуық сарбаз қатысқан. Дәм тұзы елден бұйырғандар Отанына аман-есен оралса, 50-ден астам жауынгер майдан даласында мерт болды. Бүгін Ауған соғысының ардагерлері ескерткіш алдына ұрысқа бірге қатысқан бауырларын еске алуға жиылды. Жайлау Шәріпов Отан алдындағы борышын өтеу үшін ауған жеріне 18 жасында аяқ басыпты. Азамат от пен оқ ұшқан майданда барлық қиыншылықты жеңіп, еліне аман-есен оралды.

Жайлау Шәріпов – Ауған соғысының ардагері:

– Біздің полк ауған жеріндегі таулы аймақтардың бірін қорғады. Әр жауынгер өзіне қойылған міндетті орындап шықты.

Интернационалист-жауынгерлерді еске алуға «Легион» әскери-патриоттық клубының ұл-қыздары да келіпті. Жастар әкелеріміздің ерлігін ешқашан ұмытпаймыз дейді.

Рауза Якупова – «Легион» әскери-патриоттық клубының мүшесі:

– Клубымызда ұлтжандылық пен әскери тәртіпке үйретеді, патриоттық рухта тәрбиелейді. Ол әр адамның бойында болу керек деп ойлаймын. Мен болашақта әскери қызметкер болғым келеді.

Жиынға келген ардагерлер мен қала тұрғындары Ауған соғысында қаза тапқан боздақтардың ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, 1 минуттық үнсіздікпен еске алды.

 

Бердимурат Баймухан