Балалар

Қала әкімінің шыршасы өтті

Қазақ хандары, ертегі және мультфильм кейіпкерлері! Петропавлда қала әкімінің шыршасы ұйымдастырылды. Мерекелік шараға оқуда озат, тәртібі үлгілі, қоғамдық іс-шараларға белсене ат салысатын 100 оқушы қатысты. Ұл-қыздар жаңажылдық кешке ерекше дайындалған екен.

Жаңа жыл – таңғажайыпқа толы ерекше мейрам. Түрлі түсті костюм киген балалардың мерекеге барын салып дайындалғандары көрініп-ақ тұр. Шараға жиналған оқушыларды қала әкімі Болат Жұмабеков Жаңа жылмен құтықтап, оқуда озат болуларын тіледі.

Болат Жұмабеков – Петропавл қаласының әкімі:

– Сіздерге ең алдымен мықты денсаулық тілеймін. Оқуды жақсы оқып, үлкен жетістіктерге жетіңіздер. Үлкен азамат болыңыздар.

Көздің жауын алатын костюмдерді көріп өзіңді тура ертегі әлеміне тап болғандай сезінесің. Ұлдар жағы Абылай және Қасым хандардың образын таңдапты. Ал қыздар мультфильмдегі ханшайымдардың кейпіне енген. Көк теңіз патшайымы Ариэль алыс елден мұхит асып келіпті.

Сымбат Қанат – қазақ мектеп-гимназиясының оқушысы:

– Шат-шадыманға толы ең ғажайып мерекелердің бірі – Жаңа жыл. Ариэль – ол өте ақылды, көркем әрі ақылды қыз.
Мен өз киімімді бірден таңдадым.

Мұнда кино кейіпкерлерін де кездестіруге болады. Әділет Молдыбаев “Тақтар ойыны” сериалындағы Джон Сноу патшаның киімін киген. Образды таңдауға Әділеттің анасы көмектесіпті.

Әділет Молдыбаев – әл-Фараби мектеп-лицейінің оқушысы:

– Маған анам көмектесті. Мен сабақты жақсы оқимын.

Көп ұзамай ортаға сыйлық толған шанасын сүйреп Аяз ата мен оның немересі Ақшақар шықты. Алыстан ат терлетіп келген қонақтар балалар әзірлеген концерттік нөмірлерді тамашалады. Кейін көпті күттірген айрықша сәт – шыршаның шамдары жағылды.

Жаңажылдық шараға – қаламыздың оқуда озат, тәртібі үлгілі, қоғамдық шараларға белсене ат салысатын 100 оқушы келген. 9 бен 13 жас аралығындағы жасөспірімдердің барлығына мерекелік сыйлықтар тарту етілді.

 

 

 

 

Маржан Касымбек