Құқық қорғау органдары

25 жастағы ұрлықшы құрықталды

Петропавлдық полицейлер бірнеше ұрлық жасады деген күдікпен 25 жастағы нәзікжандыны құрықтады. Тәртіп сақшыларының сөзінше ол жұрттың қалтасына түсіп, әмиян, ақша мен бағалы заттарды қолды қылған. Ұры ойын-сауық орталықтарында жүрген адамдардың қалтасына қол жүгірткен.

Баукеспені ұстауға бейнекамералар мен куәгерлердің септігі тиген. Тінту барысында азаматшадан парик табылыпты. Анықталғандай, ол тәжірибелі ұрлықшы екен. Осыған дейін елордада жазасын өтеген нәзікжандыға қатысты қазір Орал қаласында сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Ал солтүстікқазақстандық құқық қорғаушылар баукеспенің 5 адамды тонағанын анықтаған. Бүгінде күдікті қамауда отыр. Жалпы, жыл басынан бері өңірдегі дүкен, базар мен сауда үйлерінде 129 ұрлық фактісі тіркелген. Олардың 85-інің беті ашылды.

Бердимурат Баймухан