МТРА жаңалықтары

Облыс әкімінің шыршасы өтті

Жарқ-жұрқ еткен шамдар мен көздің жауын алатын костюмдер. Петропавлда облыс әкімінің шыршасы ұйымдастырылды. Мерекелік жиынға өңіріміздің үздік деген 200 жеткіншегі қатысты. Әрбір оқушы шараға ерекше образдарды дайындап келіпті.

Эльмира Сәдуақасова – тілші:

– Балабақша тәрбиеленушілері мен мектеп оқушылары бұл күнді асыға күтеді. Себебі жаңажылдық таңертеңгілікте арманындағы образға кіруге болады. Мен кішкентайымда ханшайымды таңдайтынмын. Алайда, қазіргі балалардың фантазиясы мен талғамы – ерекше.

Жаңажылдық шыршада қиялға ерік беру – міндет. Мұнымен таңертеңгілікке келген оқушылар да келісері сөзсіз. Себебі шарада ертегілер әлемінің кейіпкерлерін жиі кездестірмейсің. Ханшайым мен ханзадалардың орнын қазір тарихи тұлғалар басқандай. Сондықтан, залға кіргенде алдымен сақ патшайымына сәлем бердік. Парсылардың басшысы Кирді жеңген Томирис мерекелік шыршаға арнайы келіпті.

Маржан Жоламанқызы – Талшық орта мектебінің оқушысы, Ақжар ауданы:

– Бұл костюмде қыран құстың, Алтын адамның, көк аспанның және Томиристің бейнесі бар. Әсіресе, бас киім мен қанаттарды жасау қиынға соққан көрінеді.

Сақтардың патшайымымен тілдескеннен кейін, үш жүздің басын қосқан ұлы ханға бет алдық. Сабыржан Керімбайдың костюмі қазақ хандығының 555 жылдығына арналған. Мұндай тақырыпты таңдағаны да тектен-тек емес. Уәлиханов ауданынан келген оқушы Абылайдай адал, батыр, батыл, ержүрек және әділетті боламын дейді. Мерекелік костюмді әзірлеуге бар-жоғы 3 күн жұмсапты.

Сабыржан Керімбай – Мортық орта мектебінің оқушысы, Уәлиханов ауданы:

– Маған Жаңа жыл мерекесі ұнайды. Себебі, мейрамда Аяз ата сыйлық сыйлайды. Мен мерекеге ноутбук қалаймын. 0-44 Биыл жақсы оқыдым.

Мерекелік шыршаға жиылғандардың барлығы – оқуларында озат, тәртіптері үлгілі, қоғамдық өмірде белсенді оқушылар. Мейрамға әрбір аудан мен қаладан 9 бен 12 жас аралығындағы осындай үздіктердің үздігі деген 200 жеткіншек келіпті. Жаңа жылмен ұл-қыздарды облыс әкімінің атынан орынбасары Руслан Әлішев құттықтады.

Руслан Әлішев – СҚО әкімінің орынбасары:

– Сіздер Тәуелсіз Қазақстанда дүниеге келдіңіздер. Жас мемлекетпен бірге өсудесіздер. Біз күнделікті  жарқын болашақтарыңыз үшін аянбай тер төгіп жүрміз. Балаларды сапалы біліммен қамтып, дамуларына мүмкіндік жасау үшін талай шаруа атқарылуда. Осының барлығына бейжай қарамай, жақсы оқып, түрлі байқауларға қатысып, өз өнерлеріңізді паш етіп жүргендеріңіз бізді қуантадыю.

Дегенмен, бүгін мектептегі сабақтар мен алда тұрған байқауларды бір сәтке ұмытып, ғажайыптар әлеміне саяхаттауға болады.

Айналаны түрлі түске бояп, Жаңа жылды ерекше қарсы алуға Аяз ата мен Ақшақар септеспек. Көмекке тышқандардың патшайымы Алтынай Төлеутаева да келді. Жиналғандарды Талшық орта мектебінің оқушысы 2020 жылдың символымен таныстырды.

Алтынай Төлеутаева – Талшық орта мектебінің оқушысы, Ақжар ауданы:

– Мен қолыма мынадай аксессуар алып келдім. Тышқанның аты – Петя. Онымен барлығын күлдіртіп жүрмін.

Оқушылардың барлығы мерекеге ерекше дайындалып келіпті. Бірнеше апта, тіпті бірнеше айға созылған шығармашылық жұмыстардың иелері назарсыз қалмады. Көздің жауын аларлық киімдердің бірі – Ұлы даланың жеті қырын бейнелейді. Бас жүлде – теледидар да осы образдың иесі тайыншалық Жансая Құдабайға бұйырды. Тағы қазақтың бас ақыны Абайды ұлықтап, батырдың рөлін сомдап, домбыраны асқақтатқан жеткіншектер ноутбук, телефон мен құлаққап сынды сыйлықтармен марапатталды. Мерекелік шараның соңында барлық жиылған қауым Аяз атамен бірге шыршаны айнала ән салды.

Эльмира Сәдуақасова