Құқық қорғау органдары

Масаң күйде көлік басқарған 65 адам ұсталды

1 емес 2-ші рет масаң күйде ұсталды! Петропавлда алколголдік ішімдік ішіп, темір тұлпар тізгіндеген ер адам құрықталды. Ол бұған дейін де осындай заңбұзушылықпен қолға түсіп, құжатынан айрылған екен. Жалпы, жыл басынан бері СҚО-да 65 адамның ащу судан ұрттап, рөлге отырғаны анықталды.

Жергілікті патрульдік полицейлер күн сайын қала жолдарына тексеріске шығып, тәртіпті реттейді. Көше бойында баршаға ортақ тәртіпті елемей жүрген жандар көп кездеседі. Бірі жаяу жүргіншіге жол бермесе, басқасы бағдаршамның қызыл түсіне қарамай зу етіп өте шығады. Олардың арасында темір тұлпарды масаң күйде тізгіндегендер де баршылық. Жақында Интернационал көшесінің бойында Қызылжар ауданының 34 жасар тұрғыны ұсталды. Ол рөлге ащы суға тойып алып отырған екен. Азамат бұрын да осы секілді тәртіпбұзушылықтар үшін бірнеше рет жауапкершілікке тартылыпты.

Қайрат Сейітқұлов – Петропавл қалалық ПБ әкімшілік полиция бөлімінің бастығы:

– 2017 жылы осы азамат 3 жылға көлік жүргізу құқығынан айырылған. Және 2019 жылдың 23 желтоқсанында түнгі 2 жарым шамасында масаң күйінде көлік жүргізгені үшін ұсталған.

Көлікті масаң күйде тізгіндегендер 200 АЕК мөлшерінде айыппұл төлейді немесе дәл сол көлемде түзету жұмыстарын атқарады. Сондай-ақ, 200 сағат қоғамдық іске тартылады не болмаса 50 тәулікке дейін қамауға алынады. 34 жастағы тәртіпбұзушыға да осы жазалардың бірі қолданылмақ дейді мамандар. Ортақ ережені ескермеген азаматтың өзі де істеген қателігін мойындап, қатты өкінгенін білдіріп отыр.

– В содеянном раскаиваюсь, опрометчивый поступок, необдуманный. Очень раскаиваюсь. В будущем не будут такие ошибки не повторяться. Во-первых – это очень глупо, во-вторых – ужесточение сейчас за данные правонарушения. И, в связи с этим, человек невольно задумывается, что впредь такое, действительно, не нужно повторять.

Жалпы, жыл басынан бері өңірде жүргізуші куәлігі жоқ, онымен қоймай тентек суға тойып алып темір тұлпар тізгіндеген 65 жан қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Оларға қатысты барлық қылмыстық іс сотқа жолданыпты.

Бердимурат Баймухан