Қоғам

Колледж студенттері қала көшелерін безендіруде

Жаңа жыл қарсаңында облыс орталығын безендіруге жастар да өз үлесін қосып жатыр. Осы орайда Солтүстік Қазақстан кәсіптік-педагогикалық колледжінің студенттерін атап өтуге болады. Олар 50-ге жуық сәулеттік форма әзірлеп, Борки кентінің көшелеріне орнатқан.

Мына көздің жауын алатын жаңажылдық жарқылдақтарды Солтүстік Қазақстан кәсіптік-педагогикалық колледжінің студенттері әзірлепті. Олар алдымен заттың үлгісін қағазға салып алады. Кейін темірді балқытып, біріктіріп, қаңқасын жасайды екен.

Бұдан соң, жұмысты болашақ электриктер жалғастырады. Жігіттер қатарластары жасаған темірге түрлі жарқылдақтарды іледі. Кейін барлығы бірге жануы үшін сымдарды өзара байланыстырады. Мысалы, қазір студенттердің бір тобы қар бүршігін әрлесе, келесілері шаршаның астына қойылатын шарларды безендіруде. Бүгінге дейін талантты ұлдар 50-ге жуық сәулеттік форма дайындапты.

Максим Федоров – Солтүстік Қазақстан кәсіптік-педагогикалық колледжінің студенті:

– Дайындаған дүниелер колледж маңына ғана емес, барлық Борки кентіне сән береді. Қаланы көркейтуге аз да болсын үлес қосып жатқанымызға қуаныштымыз.

Дайын болған заттарды далаға қою ғана қалды. Қазір мұнда осы және келер жылдың нышандары – шошқа мен тышқанның мүсіндері орнатылған. Мына жақта да қызу жұмыс. Студенттердің тағы бір тобы шағын төбешікке су құйып, сырғанақ жасауда. Қазіргі таңда Жаңа жыл мерекесіне қаламыздағы Солтүстік Қазақстан кәсіптік-педагогикалық колледжінен бөлек, өзге де білім ошақтары дайындалып жатыр.

Зәуреш Тобулбаева – облыстық білім басқармасының бөлім басшысы:

– Бүгінде Борки кентін Солтүстік Қазақстан кәсіптік-педагогикалық колледжінің жастары безендіруде. Ал Петропавл машина жасау колледжінің ұл-қыздары Жәлел Қизатов көшесінің бойына сән беруде. Бәйкен Әшімов атындағы Петропавл темір жол көлігі колледжінің білім алушылары вокзал маңын құлпыртуда.

Сөз соңында Боркидегі мұз айдынына да тоқталайық. Осыдан бір жұма бұрын кенттегі кортқа су құйылып, халық игілігіне беріліп отыр. Мұнда адамдар хоккей ойнап, коньки тебе алады.

Ақтолқын Солтанханқызы