Қоғам

Балаларға арналған жаңажылдық ертеңгілік өтті

Облыс орталығында аз қамтылған отбасылардың балаларына арналып ертеңгілік өтті. Шара барысында 100-ге жуық жеткіншек жаңажылдық мерекенің куәсі болып, сахналық қойылым тамашалады. Сондай-ақ, жиынның бас қонағы – Аяз ата келгендерді бейнеқоңырау арқылы Санта-Клауспен таныстырды.

Ертегі әлемінің түрлі кейіпкерлері, жануар болып киінген әртістер бүлдіршіндерге ойын көрсетіп, шыршаны айналып билеп жүр. Қиял-ғажайыпқа толы мерекеде балалар ең басты қонақ – Ақшақар мен Аяз атаны асыға күтетіні рас. Сәл уақыттан кейін жиналғандар ақсақалдыны шақыра бастады.

Жаңажылдық кештің көрігі одан бетер қыза түсті. Бүгін Аяз ата өзінің еуропалық бауыры – Санта-Клаусқа қоңырау шалып, оны балақайлармен таныстырды. Бұны күтпеген балалар аң-таң болып қалды. Ұл-қыздар Сантаға сәлем жолдады.Аяз ата құр қол келмеген екен. Ол балаларға тақпақ айтқызып, тәтті-дәмдіге толы қоржынынан уыс-уыс кәмпит үлестірді. Жиналғандардың қуанышында шек жоқ.

Аяз ата:

–  Тебе понравилось на празднике?

 -Да!

Асыр салып көңіл көтерген балақайлар дәлізден кейін залға қарай өтті. Мұнда да оларды тосын сый күтіп тұр. Ертегі әлемінің кейіпкерлеріне енген әртістер «Замартас қаласының сиқыршысы» қойылымын сахналады.

Әр алуан костюмдегі әртістер әсем қойылымдарымен балақайларды ертегі әлеміне жетелеп кеткендей. Отырғандардың бәрі спектакльден көз алмай, мұқият тамашалауда.

– Мен бұл жерге достарым және анаммен келдім. Көңіл күйім жақсы. Бұл жерде ойнап, биледік.

– Бүгін уақытымды өте қызықты өткіздім. Балалар түрлі костюм киіп келген екен. Ал мен ханшайым болып киіндім.

Осы орайда айта кетйік, жаңажылдық ертеңгілік шаралары Николай Погодин атындағы облыстық орыс драма театрында қаңтар айының 6-сына дейін жалғасатын болады.

Бердимурат Баймухан