Спорт

Әуесқойлар арасында шағын футболдан ашық турнир өтті

Петропавлда әуесқойлар арасында шағын футболдан облыстық ашық турнир өткізілді. Тәуелсіздіктің 28 жылдығына арнап ұйымдастырылған сайысқа Нұр-Сұлтан мен Көкшетау қалаларынан және өңірден жиылған жалпы – 8 құрама қатысты.

Ортада – Қызылжар ауданының “Қызылжар” және петропавлдық “Казкад” командалары. Қос ұжым арасындағы кездесу тартысты басталды. Дегенмен, алғашқы гол 10-шы минутта соғылды. Мұнда аудандық құрама ойыншысы көзге түсті. Кейін, қалалықтар белсенділік танытты. Олар қарсыластарының қақпасын 4 мәрте дәл көздеді. Ал, өздері тағы бір доп өткізді. Осылайша ойын 4-те 2 есебімен петропавлдықтардың пайдасына шешілді.

Жанат Елеусізов – Қызылжар ауданының БЖСМ директоры:

– Алдағы уақытта жеңіске жетеміз деп ойлаймын. Біз биыл сайысқа алғаш рет қатысып отырмыз. Басты мақсатымыз – жеңіске жету емес.

Кейін ортаға петропавлдық «Тұлпар» мен Көкшетау қаласынан келген «Бурабай» құрамалары шықты. Қонақтар өте шапшаң. Оның үстіне алаңда бір-бірін жақсы түсінеді. Яғни, допты түзу береді. Осындай шеберліктің арқасында көршілес облыстың азаматтары солтүстікқазақстандықтарды 4-те 2 есебімен тізе бүктірді.

Игорь Харитонов – «Бурабай» құрамасының ойыншысы, Көкшетау қаласы:

– Құрамамыздың құрылғанына биыл 11 жыл толды. Біз ұдайы Петропавлда өткізілетін спорттық сайыстарға қатысып тұрамыз. Өткен жылы дәл осы жарыста бірінші орын еншіледік. Биыл да жеңіске жетуді көздеп отырмыз.

Жалпы, шағын футболдан облыстық ашық турнир олимпиадалық резервке мамандандырылған «Жеңіс» балалар мен жасөспірімдер мектебінде осымен 2 жыл ұйымдастырылып жатыр. Биылғы жарысқа 8 команда қатысты. Олардың 6-ауы – жергілікті, ал қалғаны Нұр-Сұлтан мен Көкшетау қаласынан келген.

Александр Гаузер – турнирдің бас төрешісі:

– Шағын футболдан ашық турнир ел Тәуелсіздігінің 28 жылдығына арналған. Жарыстың өз ерекшелігі бар. Мұнда тек 40 жастан асқан әуесқой спортшылар қатысады. Алдағы уақытта доданың ауқымын арттырғымыз келеді. Болашақта зейнеткерлер арасында сайыс өткізсек дейміз.

Айта кетейік, турнир соңында жүлдегерлер кубок, медаль және мақтау қағаздарымен марапатталды. Сондай-ақ, 5 номинация бойынша ең үздік футзалшылар анықталды.

Маржан Қасымбек