ТЖ

Сақтықта қорлық жоқ

Өрт оқиғалары әсіресе қысқы уақытта жеке тұрғын үй секторында жиі тіркелетін көрінеді. Тілсіз жаудың бас көтеруіне көп жағдайда тұрғындардың салғырттығы себеп дейді мамандар. Осы орайда құтқарушылар жер үйлерді аралап, азаматтарға қауіпсіздік ережелерін тағы бір рет еске салды.

Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері, тәртіп сақшылары мен еріктілер. Сәлден соң мамандар қаланың әр жеріне тарап, тұрғындармен жүздеседі. Олар азаматтарға қыс кезіндегі қауіпсіздік талаптары туралы нұсқау береді.

Нұрлан Атығаев – СҚО ТЖД бастығының орынбасары:

– Облыста 678 өрт тіркелді, оның ішінде 41 адам қаза тапты. Сондықтан, бүгін полиция органдарымен өрттің алдын алу іс-шарасын өткізіп жатырмыз.

Өрт оқиғасы көп жағдайда қауіпсіздік ережесін сақтамаудың салдарынан туындайды дейді мамандар. Әсіресе, жер үйлерде тұратындардың арасында пешті тазаламау, электр сымын тартуда немқұрайлылық таныту жағдайлары жиі кездеседі.

Ольга Данильчева – көпбалалы ана. Ол отбасымен бірге осы үйде 8 жыл бойы тұрады. Нәзікжанды қауіпсіздік ережелеріне құлақ түріп, оны қатаң сақтау керек дейді.

Ольга Данильчева – қала тұрғыны:

– Үйдің ішінде пеш жоқ, баспананы сыртта орналасқан қазандық арқылы жылытамыз. Бүгін өрт қауіпсіздігі туралы толыққанды ақпарат алдым. Мамандардың ескертуін орындайтын боламыз.

Бұл күні құтқарушылар қала бойынша 400-ге жуық жер үйге кіріп, пеш пен электр сымдарын қарады және өрттің алдын алу бойынша жаднамалар таратты.

Бердімұрат Баймұқан